Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан биыл 17,2 миллион тоннадан кем емес астық өнімін жинайды

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2015
  • 721

Қазақстан биыл 17,2 миллион тоннадан кем емес астық жинайды. Бұл туралы журналистермен кездесуде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде елдің оңтүстігінде көктемгі науқан басталып, 160 мың гектар жерге егін егілген.

«2015 жылы 21,5 миллион гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Көктемгi егiс алқабы 18,5 миллион гектар шамасында болады деп болжануда. Дәндi дақылдар 15,2 миллион гектар алқапқа себілмек.

Оның iшiнде 12,2 миллион гектарға бидай егіледі», - дедi Сапархан Омаров. Сондай-ақ ол, биыл еліміздің экспорттық әлеуетi 7 миллион тонна деңгейiнде болатындығын жеткізді. Айтуынша, астықтың негізгі бөлігі дәстүрлi бағыттар бойынша экспортталады.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылық вице министрі:

Нақты айтқанда, Орта Азия елдерi, Әзiрбайжан, Ауғанстан, Иранға 2,1 млн тонна, Ресейге 119 мың тонна, Қытайға 55 мың тонна, ЕО елдерiне 61 мың тонна, Таяу Шығыс мемлекеттерiне 17,9 мың тонна астық жiберiлдi. Сонымен қатар, аталған мерзiм iшiнде 1,1 млн тонна ұн экспортталды. Орта Азия елдерiне 685 мың тонна, Ауғанстанға 85 мың тонна жөнелтiлдi. Статистикалық мәлiметтерге сәйкес, Ресейден импортталған астық 58 мың тоннаны құрап отыр. Бұл - өткен жылға қарағанда 24 мың тоннаға артық.

Жұрағат БАМАН