Русский Сайттың толық нұсқасы

Немістің Allianz сақтандыру компаниясы Airbus A320 ұшағы апатынан келген шығынды 300 млн долларға бағалады

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2015
  • 1168

Немістің Allianz сақтандыру компаниясы Germanwings-ке тиесілі Airbus A320 ұшағының апатынан болған шығынды 300 млн долларға бағалап отыр. Бұл шамамен 275 млн еуро,- деп хабарлады Deutsche Welle.

Тиісті дереккөздердің мәліметіне сай, 300 млн доллар тек төленетін соманың жобасы ғана. Ал нақты қаражат көлемі бұдан аз, немесе көп болуы да ықтимал. Төлемнің басым бөлігі қаза болған 150 адамның туыстарына берілетін өтемақыға жұмсалады.

Бұл соманың ішіне іздеу операциясына жұмсалған қаржы мен құлаған ұшаққа төленетін өтемақы да кіреді. Лайнердің шығарылғанына 24 жыл болғандықтан, ол небәрі 6,5 млн долларға бағаланып отыр.

«Handelsblatt» газеті болса, 300 млн деген сома тым жоғары деп жазады. Әдетте әуе апаттары орын алғанда, сақтандырушы компаниялар әрбір қаза тапқан адам үшін 1 млн доллар мен ұшақ құнын ғана төлейді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА