Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы өкілдері Семей халқымен жүздесті

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2015
  • 1509

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы бүгін Семей жұртшылығымен кездесті. Президент жақтастары Семей қаласының ақсақалдарымен кездесіп, қаланың ірі кәсіпорындарын аралады. 

Семейлік жұртшылық Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды үгіт-насихат тобын ерекше ілтипатпен қарсы алды. Кешегі полигон қасіреті халықтың қашан да жадында. Көз көрген қариялар ядролық полигонның жабылуы тәуелсіздіктің алғашқы жемісі деп санайды. Сол қабылданған тарихи шешім үшін тәубе деседі.

Хафиз Матаев, Семей қаласының ардагері:

Қырық жыл полигон жүріп жатқанда, бір адам полигонның зияны деген сөзді айтпады ғой. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыстың бәрін тастап бірінші жұмысты полигонды жабудан бастады. 

Елбасының да Семей өңіріне деген ілтипаты ерекше. Қазақтың маңдайына біткен Абайының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлатып, ұлы ақынның Жидебайдағы қыстауын мемлекеттік мәдени мұражай-қорыққа айналдыруда Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар. Президенттің өңірге жасаған әрбір сапары семейліктердің есінде. Мемлекет басшысының қиын күнде көпшілікпен бір болған сәтін Нұртай Сәбильянов баяндады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тарбағатай ауданының Жәнтікей мен Көкжыра ауылы суға кеткенде, Елбасының өзі қаржы бөліп, сол екі ауылды толық салып берді. 

Өңірдің тұрмысында көлденең тұрған мәселелер де бар. Бүгінгі жиын тек насихат түрінде өрбімей, нақты проблемалар да сөз болды. Семейліктер президенттің халыққа соңғы жолдауындағы, әсіресе жол құрылысына қатысты бағыттарына үлкен үміт артады.

Дәулет Тұрлыханов, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

Кеше ғана мен Елбасының қабылдауында болдым. Сіздерге сәлем айтып жатыр. «Нұрлы жол» халыққа жолдаған жолдауында Семейдің жолын жасап беремін деді ол кісі, аэропортын жасап беремін деді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың семейлік кәсіпкерлерге көрсеткен қамқорлығы бір төбе. Еліміздің цементке деген ішкі сұранысын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған цемент зауыты да осы Семей қаласында. Республика көлемінде ірі өндіріс саналатын зауытқа да мемлекет басшысы бірнеше келіп, өндірістің үзілмей жүріп тұруын бақылауда ұстайды. 

Дархан Жақыпов, «Семей цемент зауыты» ЖШС қызметкері: 

Біз жиырма алтыншы сәуірде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдаймыз. Біздің таңдауымыз - Елбасы, біздің таңдауымыз - тұрақтылық.

Кандидат Назарбаевтың көп еңбегі сіңген қаланың тұрғындары 26 сәуір күні белсенділік танытуға бел буып, өзгелерді де болашақ таңдауына бей-жай қарамауға үндейді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ