Русский Сайттың толық нұсқасы

Президентікке кандидат Тұрғын Сыздықов фаст-фуд зиянын ауыл тұрғындарына да түсіндіріп жүр

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2015
  • 1675

Президентікке үміткер Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысындағы Мәмлүт ауданы тұрғындарына фаст-фуд зияны туралы тәптіштеп түсіндірді. Коммунизм идеяларын ту еткен партия батыстың өмір салтына тосырқай қарайды. Сайлауалды бағдарламасы да осы қағиданы басшылыққа алған. Сондықтан кандидат Сыздықов бірнеше күннен бері аймақтарды аралап, сайлаушыларды батыс өнімдерін тұтынбауға үгіттеп жүр. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Бұл табиғи, таза ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін Мәмлүт ауданындағы шаруалар. Олар үшін фаст-фуд дәмі жат. Десе де, батыстың тағамдану мәдениетіне қарсы кандидат Тұрғын Сыздықов жиналғандарды өз дегеніне сендіріп бақты.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Тез дайындайтын тамақтардың құрамында не бар екенін адамдар білетін болса, фаст-фудқа мүлде жоламайтын болады. Олар осыны білгесін, рецептін құпия сақтайды. Мені өзімнің сайлауалды бағдарламамда бұл мәселеге арнайы тоқталамын.

Қоғамда «бай мен кедейге» теңдік орнатуды көздейтін идеяны ту еткен Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы өз бағдарламасында саясат пен экономикадан гөрі, мәдени-рухани мәселелерге ден қойып жүр. Мәселен, батыста жарыққа шығып жатқан көркем шығармалардың мазмұнына сыни көзбен қарайды.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Бұл шығармалар қалай бағаланады? Біріншіден, кітапты сатудан көп пайда түссе, жарнамасы мықты болса, туынды сәтті шықты деп саналады. Демек, бұл жерде әдебиеттің басты талабы назарға алынбайды. Бұрынғыдай ойлы, көркем шығармалардың аздығы мені көп ойландырады.

Кездесуде үміткердің сайлауалды штабының атқарып жатқан жұмысы туралы  да баяндалды.

Сергей Мартемьянов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың аймақтық сайлауалды штабы жетекшісі:

Біздің штаб кандидатты қолдау бойынша үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Сенімді тұлғалар белгіленіп, насихат материалдарын тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Плакаттар ілініп, баннерлер орнатылды, кәсіпорын жұмысшыларымен алғашқы кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, баспасөзбен де тығыз байланыс орнатылған.

«Азғын өмір салты, есірткілер, киноблокбастерлер, фаст-фуд, моральдық принциптерді ескермей  жылдам ақша табу - осының бәрі бүгінгі батыстық жалған мәдениет тудырған жаман індет», - дейді кандидат. Негізгі идеясын жеткізіп болған соң, Тұрғын Сыздықов ауыл тұрғындарына егіс науқанын сәтті өткізуді тіледі. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ