Русский Сайттың толық нұсқасы

Президентікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Қостанайда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2015
  • 1572

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың Қостанай өңіріндегі сапары жалғасып жатыр. Кандидат «Қостанай су» мекемесінің жұмысшыларымен жүздесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасына негіз болған экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Сондай-ақ, кандидат аймақтық сайлауалды штабы жұмысының танытымына қатысты.

Президенттіктен кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыт-бағдары әлемдік экоқауіпсіздік мәселесіне арналған. Қостанайлық еңбек ұжымымен кездесуде де кандидат осы тақырыпқа егжей-тегжейлі тоқталды. «Адамзаттың өндірістік өмірі, тау-кен, құрылыс салаларындағы газды қалдықтар, минералды отын мен биомассаның өртенуі атмосфераның ластануына әкеп соғуда. Бұл өз кезегінде озон қабаттарының бұзылуы мен әлемдік мұқит суларының ластануы, сондай-ақ жердің бүлінуіне себеп болуда», - деді Әбілғазы Құсайынов.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Әлемнің түрлі елдеріндегі экономиканы қарқынды дамыту жұмыстары қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей жүргізіліп жатыр. Оған біздің көзіміз жетіп отыр. Табиғат ресурстарын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік қор мен табиғаттың құлдырауына алып келеді.

Басқосуда кандидат сайлауалды бағдарламасындағы дүниежүзілік экологиялық жағдайға байланысты бірқатар деректерді келтірді. Айтуынша, бүгінде әлемде бір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажетті жердің көлемі 21,9 гектарға тең. Жер шарының биологиялық мүмкіндігі 15,7 гектарды ғана қамтитын көрінеді. Ал жерді мекендейтін 7 миллиард адамның әрбірін таза, бүлінбеген құнарлы жермен қамтамасыз ету үшін ең кемі 6,2 гектар жер жетіспейді. «Адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта жандануына кедергі келтіруде». Кандидаттың бұл ұстанымын аймақтық сайлауалды штабтар да кеңінен насихаттап, таратуда. 


Бауыржан Тибеев, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабы жетекшісі:

Аймақта сайлауалды штаб қызу жұмысқа кірісті. Алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп, бірқатар іс-шаралар өткізіледі, кәсіпорындардың жұмысшы ұжымдарымен кездесу өткізу жоспарланған.

Кандидат Құсайыновтың Қостанай өңіріне сапары барысында аймақтық сайлауалды штабының жұмыс барысы таныстырылды. Онда үміткердің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспары және насихат жұмыстарының барысы талқыланды.

Жұрағат БАМАН