Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да 18 елді мекен мен үш жүзден астам көлік жолдары су астында қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2015
  • 1301

Солтүстік Қазақстан облысындағы 18 елді мекен мен 300-ден астам көлік жолдарына Шарық және Селеті су қоймаларынан қауіп төнді. Бұл жайында бүгін төтенше жағдай мамандары мәлімдеді. Осыған орай апаттың алдын алу үшін, Теріскейде арнайы штаб құрылды. Қазір олар тасқынға қарсы шаралар жүргізуде. Қала түбіндегі Мичурин ауылының дамбасы жаңғыртылды.

Былтыр Есіл арнасынан асып, тасқынға шыдас бермеген алып бөгеттің 10 метрдей бөлігі қақ айырылған болатын. Одан бөлек, 2 мың 700 текше метр аумаққа құм төселді. Бұл мақсатқа өңір қазынасынан 4 млн теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстың сапасын облыс әкімі саралады.

Айта кетсек, өткен жылы аймақта 42 үй мен сайжайдағы 5 мыңға жуық баспана су астында қалған еді. 

Владимир Бубенко, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Былтыр тасқыннан Құлыкөл мен Қаратал ауылдарын су басқан. Дәл осындай жағдай қайталанбас үшін, біз сол аймаққа қосымша техника жібердік. Бұдан басқа Ғабит Мүсірепов ауданындағы Шарық су қоймасынан қауіп төніп тұр. Бірақ біз жыл бойына ондағы су деңгейін мейлінше төмендетуге тырыстық. Қазір оның жағдайы қалыпты. Сондықтан өзен арнасынан асса, Шарық су қоймасы апатқа төтеп береді деп ойлаймыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН