Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда 500 адам СПИД орталығында тіркеуде тұр

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2015
  • 1297

Қоғамда қызметін адал атқарып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі Петропавлдағы иммунитет тапшылығы синдромы орталығының дәрігері Елена Грин. Қырық жылдық тәжірибесі бар маман соңғы он жыл көлемінде қатерлі дертпен күрес орталығында жұмыс істейді.

СПИД ауруына шалдыққандардың өмірін ұзарту жайы толғандыратын білікті маманмен аймақтағы тілшіміз тілдесіп қайтты. Елена Грин дәрігер болуды қаршадайынан армандапты. Бүгінде медицина саласының маңдай алды маманы. Өз қызметін ауыр машина жасау зауытының цех дәрігері болудан бастаған.

Елена Грин, СҚО ЖИТС алдын алу және онымен күресу орталығы бас дәрігерінің маманы:

Өз жұмысымды жан-тәніммен сүйемін. Ұстаздарымыз мықты болатын. Білім ошағында бәсекелестік болды. Ал ондай жерден әрдайым білікті мамандар шығады. Теріскейде бала өлімі 14-16 промиль болса,  біздің зауыттың ауруханасында бұл көрсеткіш 2-3 промильді құрайтын. Біз Швейцария мамандарынан кем түспейтінбіз.

Елена Грин жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы орталығына келген бетте, вирусқа қарсы терапияны меңгере бастаған. 9 жыл бұрын жаңа тәсілмен 2 ауру емделсе, бүгінде олардың саны 172-ге жеткенін мақтаныш айтады.

Тәжірибелі маманның пайымдауынша, бұл әзірге иммун тапшылығы вирусына шалдыққан адамдарды емдеудің жалғыз амалы. Ал науқастардың дәрілерді уақытында қабылдауын мына құрылғы қадағалап отырады. Ол пациенттердің бойындағы вирусты 3 ай сайын бақылау мүмкіндік береді.

Елена Грин, СҚО ЖИТС алдын алу және онымен күресу орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Жұмысым өте қызықты. Дамыған салада қызмет етемін. Біз әйел адамдарға басымдық береміз. Себебі, әйел дертке шалдықса да, оның баласының дені сау болуы тиіс. 2009 жылдан бастап балалардың арасынан инфекция табылған жоқ. Бұл біздің ең басты жетістігіміз деп айтуға болады.

Дәрігердің айтуынша, жұмыстың ең қиыны - науқасқа қатерлі диагноз туралы естірту. Кейде адамды жұбату үшін бірнеше рет осы тақырыпта әңгімелесуге туралы келетінін айтады. Елена Грин әрбір науқасқа көңіл бөледі, - дейді аурухана ұжымының мүшелері.

Дина Кулетаева, СҚО ЖИТС алдын алу және онымен күресу орталығы зертхана меңгерушісі:

Елена Яковлевна өз жұмысын тыңғылықты істейді. Әр науқасты жіті бақылап отырады. Бұл біздің қызметімізде маңызды. Сондай-ақ, жастарды да баулып отырады.

Елена Грин зейнетте тек бір-ақ жыл отырып, кейін қайта жұмысына оралған. Дегенмен, өз саласында күрмеуі қиын мәселелердің бар екенін жасырмайды. Мәселен, аймақтағы шетел азаматтары арасында нашақорлар жиі ұшырасады.

Шекаралық өңірге құжатсыз келетіндіктен оларды емдеу де қиын. Қазір аймақтағы СПИД орталығында бес жүзден астам науқас тіркелген. «Олардың басым бөлігі нашақорлар», - дейді бас дәрігердің орынбасары.

Абзал Құрманкин