Русский Сайттың толық нұсқасы

Кім ол, Төлешов?

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2016
  • 6917

Ресейде «Террорлық қауіптерге анализ жасау Орталығы» деген бір ұйым бар екен. Соның қазақстандық өкілдігі де жұмыс істеген.Оны кім ашқан дейсіз бе? Өткен аптаның соңында Ішкі істер министрлігінің Астанадан жіберген полицейлері мен арнайы жасақ арқылы арнайы операциямен ұсталып, сот санкциясымен екі айға қамалған Шымкенттегі сыра зауытының қожайыны Тоқтар Төлешов. Жалпы, кәсіпкердің өмірбаянын оқысаңыз, таңғаласыз: ылғи орыстармен ымыраласа қоғамдық  жұмыстар істеген, тіпті казактармен де күшті «дос», ғылыми еңбектер жазған көрінеді, тілшілік «таланты» бар... Бірақ. Бірақ бәрібір түсініксіз. Жаңа айтқан ұйымның басшысы оны жақтап, жақтағанда да Төлешовті өздерінің бауыры сияқты іш тарта, империялық бояуы қалың, тіпті экстремистік «иіс» шығатын комментарий жасаған... Төлешовке «есірткі» және «қылмыстық топ» баптарына сәйкес айыптар тағылды. Қазір интернетте оның балаларының  ұлан-асыр етіп өткізген туған күн кештерінің видеосы қаптап кетті. Таразының екінші басына сыра зауытының жұмысшыларына жалақы қарызы, банктерге несие қарызы жайлы ақпараттар «тартылып» жатыр. Алайда кілтипан той мен сырада емес-ау...Оның шын мәніндегі қылмысы не болуы мүмкін? Мүмкін ашылмаған күйі қалады?.. Айгүл Әдепбай жалғастырады.

Бейнеқыстырма: Кіші  қызының туған күнінен

Басына кигені патша тәжі. Тыңдағаны Ресейдің жұлдыздары. Жасағаны – шоу! Қыздарының әр қалауын қалт жібермеген Тоқтар Төлешов. Жетіп тұрса, туған күнді аста-төк думандату керек шығар... Туған күннің көркін әйгілі «Властилен колец» кино картинасының сценариі бойынша қыздыру екінің бірінің қолынан келмейтіні анық.

Бейнеқыстырма: Үлкен қызының туған күнінен

Төлешовтің екі қызының туған күндеріне орай жасаған мега тойын оп-ғаламдық желіден оңай тауып алуға болады. Тимати, Иван Дорн бастаған шетелдік жұлдызсымақтар дүркіретіп жүр, қазақылықтың иісі шықпайтын қазақтың тойында.

Бейнеқыстырма: Тойдан

Мынау Тоқтар Төлешовтің тағы бір тойы. Мұнда да келіп жатқан  қонақтар мен сыйға тартылып жатқан бума-бума конверттерде есеп жоқ.

 

 Алайда... Алайда бұл думанның ыстығы басылды бүгінде... Шымкентке Астанадан әдейілеп жіберілген арнайы жасақ ол ыстықты басқан. Рет-ретімен тізбектесек. Шымкенттегі ірі кәсіпкер Тоқтар Төлешов ұсталды деген ақпарат қаңтардың отызында бұрқ етті. Анау-мынау емес мұздай қаруланған спецназ бен полицейлер Елордадан топ-тобымен тартылды. Шымкенттегі Тоқтар Төлешовке тиесілі сыра зауыты мен оның зәулім үйі және белгілі қонақ үй қоршалды. Ал нысанаға алынған Төлешовтің өзі сол кезде қонақүйде кезекті туған күнді атап өту әуресімен жүрген-мыс. Онымен қоса серіктестері болған тағы үш адамның қолына кісен салынды.

Алмас Сәдубаев,  ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

¤

Тоқтар Төлешовтың тұрғылықты мекен-жайынан бірнеше адамға қатысты жасаған алаяқтық қылмыстары үшін іздеуде жүрген Алматы қаласының тұрғыны 1988 жылы туылған Калтаков Сергей Викторовичті қолға түсірді. Тінту шараларын жүргізу кезінде ішкі істер министрлігінің қызметкерлері атысқаруы мен есірткі заттарын тәркіледі. Төлешов және Калтаков ҚР қылмыстық процессуалдық кодексінің 128 бабы бойынша уақытша ұстау абақтысына қамалды.

¤Ішкі істер министрлігі жедел іздестірудің арқасында қалта-қалта қару-жарақ пен есірткі, мағынасы күдікті әдеби кітаптар тәркіледік деп хабарлады. Екі қабатты үйін қоршап, тірі жанды аттатпады.

Оқиғаның куәгері 

- бір баласы деді ғой, соны алып кеткенін көрдік қой.

-қалай алып кетті?

- баяғы спецназ, қолдарын майыстырып алып кетті, тағы 2-3 адам болды дедіңіз ия алып кеткен?

- ия

-осы үйденалып кетті ме?

- соның үйінен алып шығып бара жатқанын көрдік.

¤

Бес қаруын асынған сарбаздар қоршаған келесі нысан – шымкент сыра зауыты. Отандық танымал бренд шығады бұл жерден. Қазақстандағы құйылмалы сыраның 50 пайызы осы зауыттың өнімі. Тоқтар Төлешов нысанға 2002 жылдан бастап иелік етеді. Зауыттыңы былығы біліне бастадыбастығы қамауға алынғасын. Жұмысшыларына 27 млн теңге қарыз екен.

¤

Бастар Есқараев, ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі  басқарма басшысы:

¤

Осы жалақы қарызын төлеп құтылу жөнінде 29-қаңтарға дейін ол мемлекеттік еңбек инспекциясына кепілді хат берген. Бірақ бүгінгі күнге дейін ол қарыздың жойылғаны жөнінде  жұмыс беруші бізге мәлімет берген жоқ. Бұл жауапкершілігі үшін жұмыс берушіге аталған серіктестікке әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапкершілік қаралған. Оныңмөлшері 150 АЕК мөлшерінде,яғни 318 мың 150 теңгені құрайды. 

Дегенмен Шымкент сыра зауытының жаңа директоры нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Қарыздың жартысын қайтарған.

Камал Атажанов,  «Шымкент сыра» ЖШС директоры:

 Желтоқсан айының жалақысын жартылай төледік. Қалғанын жақын арада төлейміз деп ойлаймын. Бұл немен байланысты? Шымкент сыра зауыты маусымдық мекеме. Жұмыс ауқымы жаз, көктем, күз айларында көп болып, көп сатылады. Ал қыста сатылым аздау. Сондықта бұл жағдай және жалпы дағдарыс әсерін тигізді.

Тоқтар Төлешовке қатысты ғаламтордағы ақпарат мардымсыз. Қай жерде туып-өскені, туған туыстары туралы мәліметтер жоқтың қасы. Белгілісі, 13 баланың әкесі. Жай емес, мейірімді әке екенін байқадық. Күзет агенттігі мен «Шымкент пикчерз» кинокомпаниясының қожайыны. Тіпті 2006 жылдарырежиссер Ермек Тұрсыновпен бірге «Сұлтан Бейбарыс» блокбастерін түсірген. Бір қарағанда, бар жиғанын адал терімен тапқандай. Бірақ ғаламтордағы ақпарат оның алаяқтық әрекеттерін күн сайын жариялап жатыр. Мәселен 2007 жылы Лондонда тіркелген «Jay Resourses» компаниясының Өзбекстандағы еншілес «Узпромстройбанкінің» акцияларын 17  млн долларға сатып алған. Алайда 4 млн долларға жуық берешек болып қалған. Компания қожайыны алдап кетті деп, Лондон сотына берген. Алайда көк тиын өндіре алмаған. Кей ақпарт құралдары кәсіпкер отандық ірі банкке 300 млн доллар қарыз екенін де жазды. Ақпанның бірінде Елорда соты Тоқтар Төлешовті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал оның қорғаушылары Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізді.

¤¤¤

Евгений Яворский, адвокат:

¤

Тоқтар Төлешов Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігі және 266- баптың 3-тармағы бойынша күдікті деп танылған. Яғни ол «қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру және 266-шы бап - ол есірткі. Ақ-қарасын тергеу анықтайды деп ойлаймын. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Өз басым Төлешовты есірткімен байланыстыруға әлі ерте деп ойлаймын.

Төлешовті есірткімен байланыстыру әлі ерте дедік. Дегенмен, оның орыстарға бүйрегі бұрып тұрғаны даусыз. Қараңыз, Ресей федерациясы думасының сарапшылар кеңесін; тағы да сол думаның ТМД елдері бойынша дін мәселелері кеңесін басқарған. Казактардың жоғарғы атаманының кеңесшісі.Ресей журналистер одағының мүшесі.  Төсіне тағылған медаль, ордендері жетіп артылады. Спортқа да ізін қалдырған. (AIBA) Халықаралық бокс қауымдастығының комитетіне де басшылық еткен. Бөліп айтатыны, Ресей террорлық қауіптерге анализ жасау Орталығының Қазақстандағы өкілдігін басқарған. Дәл осы террорлық қауіптермен айналысқан Ресейдегі орталық директоры Рамиль Латыпов Төлешовке араша түсуі бекер емес. Оның ойынша, қазақстандық қарулы күштер Тоқтар Төлешовті тұтқындамас бұрын, Ресеймен ақылдасып алуы керек екен! Біздің құқық қорғаушылардың ескертпегені, яки ақылдаспағаны неге ресейлік қоғамдық ұйым жетекшісінің  шымбайына батады? Қазақстан азаматының тұтқындалуына Ресейдің не шатағы бар? Сұрақ ашық... 

Рамиль Латыпов, сұхбатынан цитата:

Бұл шараның ауқымы таңғалдырды. Салмақты халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топты ұстағандай болды. Мұндай күш бізде қауіпті террорлық шараларға жұмылдырылады. Менің ойымша, Шымкентке қазақ арнайы жасағының жартысын жинап алған. Қазақстан тарапынан барлығы құпиямен бүркемеленген. Ешкім ештеңе түсіндіріп жатқан жоқ. Атаулы түрде болса да, ол біздің қызметкер болды, сондықтан бізге сауал жолдаса болар еді. Ал бізден түсініктеме сұрап ешкім келген жоқ. Тым болмаса, ол біздің қызметкер ме екенін сұрауға болар еді

Тоқтар Төлешов орыс тілінің де жанашыры. Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр деп сұхбат та берген. Оны Олег Зенор есімді блогер өзінің парақшасына жариялады.

Тоқтар Төлешов,  сұхбатынан цитата: 

Мысалы, жергілікте жерлерде кейбір шенеуніктер «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңын» бұзып отыр.  Олар мемлекеттік органдарға жұмысқа екі тілде еркін сөйлей алмайтын немесе орыс тілін қасақана елемейтін азаматтарды қабылдайды. Нәтижесінде келесідей жағдайға тап боламыз. Жасына орай мемлекеттік тілді меңгере алмаған қарт адам тиісті бір мекемеге келіп, білікті қызмет ала алмайды, керекті ақпаратынан да қағылады. Өйткені барлығы тек қазақ тілінде жазылған. Ал егер қария осындай себептермен медициналық мекемеден немесе құтқару қызметрінен қажетті көмек ала алмаса не болады?

Ресейге майдай жағатын бастамалардың басы-қасында жүргенін жазып жатыр кейбір деректер. Мәселен, 2015 жылы Монакода өткен Ресей жылы аясында бірқатар шараларға демеушілік танытқан. Ресей Үлкен театрының шашпауын көтеріп, Монте-Карлоға сапарын қаржыландырған. Тізе берсең, жетеді. Казактар да ол туралы тек жақсы сөздер айтумен болды.

¤

Юрий Захаров, Қазақстандағы орыс, казак, славян ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы, жоғарғы атаман:

Айтпақшы, Тоқтар Төлешов  құқық қорғаушылардың қаһарына 2009 жылы ұшырай жаздаған. Сол кезде сыра зауытынан шыққан оны тәртіп сақшылары тінтіп, біраз уақыт әуреге салады. Бірақ ілік таппады ма, әлде тапсырма басқа болды ма, ол уақтта Төлешов жай тінтумен құтылған.

Тоқтар Төлешов бұған дейін қалың көпшілікке танымал болған жоқ. Есесіне бір-ақ күнде елді дүр сілкінтті. Ел ғана емес, көрші Ресейлік кейбір мекемелер де кәсіпкердің қамалғанына қапалы. Көп ақпараттың құпия екені анық. Құзырлы органдар таратқан азды-кем мәліметке құлақ түріп отырмыз. Айтпақшы, Тоқтар Төлешов қымбат картиналар мен жалтылдаған мықты көліктердің коллекционері де болған. Дүние-мүлкі «кәмпеске» деген таңбамен талан-таражға түсе ме, ол жағы әзірге шешілмеген сияқты. Дегенмен осы аптада оның бағасы арзан емес спорт карын тәркілеп, тиеп әкетті.

Айгүл Әдепбай, Тимур Еркетаев «Біздің уақыт».

¤