Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы президенттік сайлаудың алғашқы үгіт-насихат аптасы ескертусіз өтті

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2015
  • 1694

Қазақстандағы президенттік сайлаудың алғашқы үгіт-насихат аптасы ескертулерсіз, қалыпты өтті. Кандидаттар мен олардың сенімді өкілдеріне қатысты шағымдар түскен жоқ. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев хабарлады.

Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Біз жергілікті сайлау комиссияларымен үнемі байланыстамыз. Үгіт-насихат науқанының бірінші аптасында қандай да бір кандидаттар мен олардың сенім көрсетілген тұлғаларына және штаб мүшелеріне қатысты Орталық сайлау комиссиясына шағым келіп түскен жоқ.

Орталық сайлау комиссиясының ақпарынша, кезектен тыс президенттік сайлауға тағы 101 шетелдік байқаушы тіркелді. Айта кетерлігі, сайлау кампаниясы басталған кезде комиссия 300-ге жуық байқаушыларды аккредиттеген. «3 сәуірдегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясында 19 елдің бұқаралық ақпарат құралдарының 98 өкілі, Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан 43 байқаушы, ТМД елдері миссиясынан - 223, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан 6 және халықаралық ұйымдардан 7 адам, шет мемлекеттерден 58 байқаушылар тіркелген», - деді Сәрсембаев.

Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Әрбір байқаушы Қазақстан заңнамасы ережелері бойынша жұмыс істеуі тиіс. Өйткені біздің территорияда өзіміздің заңымыз жүреді. Бірақ енді олар мысалы ЕҚЫҰ-ның немесе ТМД-ның ұйымының өкілдері болғандықтан, олардың өздерінің кодекс нормалары бар, сол нормалар бойынша жұмыс істейді.

Жұрағат БАМАН