Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент сайлауында дауыс беру құқығы бар азаматтар саны 1 пайызға артты

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2015
  • 1335

Президент сайлауында дауыс беру құқы бар сайлаушылар саны бұған дейінгі жарияланған мәліметке қарағанда 1 пайызға артып отыр. 26 наурызда Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың жалпы саны туралы алдын-ала мәлімет жариялады.

Енді олардың саны 159 мыңнан астам адамға артты. Сәйкесінше, бюллетендер саны да осы мөлшерге ұлғаяды. Бұл өзгеріс 5 сәуірде әкімдіктердің жергілікті сайлау учаскелеріне ұсынған нақты тізімдері бойынша жасалған.

Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

ҚР кезектен тыс Президенттік сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдерінің саны сайлаушылардың тізімдеріне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы резервіне 9 млн 610 мың 138 дананы құрайтын болып белгіленсін.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында «президенттік сайлау өткізу» науқанының тағы бір қаулысына өзгеріс еңгізілді. Бүгін редакцияланған құжаттың бірі халықаралық байқаушыларға қатысты.

Қазақстан президентін сайлау науқанын байқауға ниет танытқан шет елдік миссия өкілдерінің саны 402-ге жетті. Елімізде Сыртқы істер министрлігінің тіркеуінен өткен 19 мемлекеттен келетін журналистердің саны тоқсан сегізді құрап отыр.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Бақыт Мелдешов сайлау барысындағы заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны жөнінде ескертті. Әзірге орталық комиссияға бір де бір шағым түспеген.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы аталған комиссия заң талаптарының орындалуы бойынша еліміздің прокуратурасымен тығыз байланыста, - деді Мелдешов.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ