Сәуірдің 19-ы мен 25--і аралығында Польшаның Краков қаласында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. «А» тобында сынға түсетін Қазақстанның ұлттық құрамасы қарсыластарымен бірігіп, элиталық дивизионға берілетін жолдама үшін таласып көреді. Осы күндері Астана маңындағы Мичурино спорттық базасында жаттығып жатқан Андрей Назаровтың шәкірттері БАҚ өкілдерімен кездесті.
Андрей
Назаров, шайбалы хоккейден қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Әлем чемпионатында осал қарсылас жоқ. Барлық
құрамалар жеңіс үшін барын салады. Әр кездесу біз үшін маңызды. Бір команда
мықты, біреуі осал деп қабылдау - қате ұғым. Сондықтан әр ойынға үлкен
жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Оқу-жаттығу
жиындары 10 сәуірге дейін жалғасады. 11 сәуір күні Қазақстан құрамасы
Италияға аттанып, аталған елдің хоккейшілерімен екі жолдастық кездесу өткізеді.
Әлем чемпионатына Николай Антроповтың бару-бармауы әлі белгісіз. Құрама сапында
екі бірдей ресми ойыннан аластатылған шабуылшы әзірге отбасымен демалыста.
Қытайдың
Шанхай қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің үздік
спортшылары бас қосқан бәсекеде сауатты өнер көрсеткен отандасымыз Денис Тен
қола жүлдені ұтып алды. Бұл жерлесіміздің әлем біріншілігіндегі екінші жүлдесі.
Алғашқы медальді Тен құрама қоржынына 2013 жылы салды. Сонымен бірге еліміздің
бетке ұстар спортшысы бірнеше халықаралық жарыста топ жарды. Атап айтсақ, 2014
жылы Загреб қаласында өткен жарыста қарсылас шақ келтірмеген спортшымыз,
артынан Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен «Төрт Құрлық» турнирде
бас жүлдені ұтып алды. Қазақстан спортшысының басты жетістігі, әрине, Сочи олимпидасында
ұтып алған қола жүлде.
Самат ҚАНАҒАТОВ