Русский Сайттың толық нұсқасы

Президентікке кандидат Әбілғазы Құсайынов үгіт-насихатты Оңтүстік Қазақстанда жалғастырды

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2015
  • 1189

Ал Президентікке кандидат Әбілғазы Құсайынов үгіт-насихат шараларын Оңтүстік Қазақстанда жалғастырды. Үміткердің осы өңірдегі сайлауалды штабы қызу жұмысқа көшкен. Бүгін мұнда үміткердің өзі де ат басын тіреп, атқарылып жатқан жұмыстарға қанықты.

Сайлауға санаулы ғана күндер қалды. Кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Шымкенттегі сайлауалды штабы өкілдерінің жұмысы да қыза түскен. Қала көшелеріндегі сайлау туралы хабарлама орындарына кандидат бағдарламасы туралы парақшалар ілініп жатыр. Тұрғындарға үнқағаздар да таратылды. Ал бүгінгі басқосуда үміткер сайлауалды бағдарламасын барынша тарқатып айтты. Ол қоршаған ортаға деген қазіргі көзқарас өзгермейінше, табиғи апаттың да ауылы алыс емес екенін ескертті.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

21 ғасырда температураның орташа жылыну деңгейі ең аз дегенде 3 градусқа жетуі мүмкін. Бұл - үлкен қауіп! Егер бұл жағдай жалғаса беретін болса, табиғатқа бұдан да үлкен әсерін тигізеді.

Әбілғазы Құсайынов: «Антропогендік ластану көздеріне өндірістер мен автокөлік, ауыл шаруашылығы нысандары жатады. Бұл жәйтті жұртшылық санасына сіңіру үшін экотәрбие ілімі әр отбасына жете таныс болуы тиіс», - деді. Кездесуде тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасына қатысты өз сауалдарын қойды. Жиынға үміткердің сенімді өкілдері мен аймақтық штаб қызметкерлері де қатысты.

Ерғали Қаржаубаев, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Біз қоғам назарын халықаралық экологиялық мәселелерге аудартқымыз келеді. Кандидат ұстанымы бойынша, таза ауа, таза су, әрі қарай жұмыс істеп, жалғастарып жатырмыз.

Бүлінген биосфераны қалпына келтіруге және экологиялық мәдениеттілікке үндеген үміткер өз тұғырнамасы терең зерттеулердің нәтижесінде туған еңбек екенін айтты. Шымкенттегі үгіт-насихат шарасы ертең де жалғасады. Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасы экология мәселесінен бастап, сол арқылы азаматтардың жайлы өміргеге қол жеткізуін негізге алады. Еңбек жолын кеніште бастаған ол өндіріс-өнеркәсіп кешендеріне қатаң бақылау жүргізген жөн дейді. Соңғы 5 жылдың өзінде өндіріс қалдықтарының көлемі еселеп артқан. Сондықтан техникалық талаптарды қатаң бақылауға алу керек деп санайды. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ