Русский Сайттың толық нұсқасы

Кандидат Тұрғын Сыздықовтың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2015
  • 1062

Коммунистердің атынан Президент сайлауына түскелі отырған кандидат Тұрғын Сыздықовтың аймақтардағы сайлауалды штабтарының жұмысы  қызып тұр. Ақтөбе және Тараз қалаларындағы штаб мүшелері мен кандидаттың сенімді өкілдері сайлауалды тұғырнамаларын халыққа кеңінен түсіндіру үстінде. Ал Қазақстан Президенттігінен үміткер Тұрғын Сыздықовтың өзі үгіт-насихат жұмыстарын Павлодар облысында жалғастыруда. Кандидат «Павлодар Лифт» серіктестігінің ұжымымен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Тұрғын Сыздықов сайлаушылармен қаладағы Естай атындағы мәдениет үйінде кездесті. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасын тыңдауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары да келді. Үміткер өз сөзін батыс мәдениетінің қазақ баласына тигізіп отырған кері әсерінен бастады. Батыс өнері мазмұнсыз, қара дүрсін, эмоциялық деңгейге құлдырады дейді Сыздықов. Ал жастар болса, олардың компьютерге тәуелді болған өмірі мен сананы улағыш арзан сәніне еліктеп барады. Мұндай тоқырауға жол бермеу керек, деген ойда үміткер.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Шынайы өмірден қашамын деп есірткі мен басқа да психотроптық тәуелділікке тап болып жатқан жастар қаншама? Біздің бүгінгі міндетіміз - кез келген қоғамды құлдырауға ұшырататын батыстың жат мәдениетіне тойтарыс беру.

Батыс мәдениетінің тоқырауға ұшырауының басты себебі ретінде кинематографияны атауға болады. Фильмдердің мазмұны Еуропа мен Америка қоғамын шыңырау түбіне сүйреп, қарапайым адами құндылықтардан ада етуде, - дейді коммунистік халықтық партия орталық комитетінің хатшысы.

Коммунистердің үгіт-насихат штабтары әрбір өңірде қызу жұмыс атқаруда. Ақтөбе облысында коммунистік партияның бес мың мүшесі бар. Ал сайлауалды штабта 21 сенімді өкіл жұмыс істейді.

Алтынай Жетпісбаева, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:

Интернет желісі арқылы көптеген жұмыстар жүргізуге болады. Сол интернет желісі арқылы күнделікті агитация жүргізіп отырамын.

Ал Жамбыл облысында Сыздықовтың 150 сенімді өкілі бар. Сайлауалды штабында 11 адам қызмет атқаруда. Қала көшелеріне үміткердің үгіт-насихат материалдарын ілу үшін 30 стенд орнатылған.

Динара Шайжанова, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:

Бүгінге дейін штабтың мүшелері 3 мыңнан астам үгіт-насихат парақшаларын таратты. Жоспарымыз өте тығыз. 10 ауданмен кездесуді жоспарладық.

Тұрғын Сыздықовтың бағдарламасында батыс құндылықтарынан біздің жастарды аулақ ұстау керек деген идеяға ерекше орын берілген. Жас буынға Отанды сүюді, отбасылық құндылықтарды жоғары қоюды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді және салт-дәстүрді бағалауды үйрету керек. «Ал батыс жастары бұл қасиеттерден хабарсыз», - дейді коммунист.


Айгүл ӘДЕПБАЙ