Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадағы сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізімі іліне бастады

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2015
  • 1492

Астанадағы сайлау учаскелерінде сайлаушылардың тізімі іліне бастады. Бүгінде елордада 189 сайлау учаскесі ашылған. Олардың 70-і Сарыарқа ауданында, 96-сы Алматы және 23 учаске Есіл ауданында орналасқан. Тағы 65 учаске шетелдік елшіліктер мен дипломатиялық миссияларда жасақталды. Бүгін астаналық тұрғындар өз учаскелеріне барып, сайлаушылар тізімінде тіркелгендігі туралы мәлімет алды. 

Елордалық Мәрия Қылышбаева азаматтық борышын орындауға қамданып жүр. Сарыарқа ауданына жуырда ғана қоныс аударған тұрғын, алдымен дауыс беру учаскесін анықтап алып, бүгін сайлаушылар тізімінде тіркелгендігі туралы ақпарды растап алды.

Мәрия Қылышбаева:

Мен басқа мекенжай бойынша тұрғанмын. Қазір мен осы учаскеде аты-жөнім бар ма, жоқ па - соны анықтауға келдім. Тізімде бар екенмін, енді 26 сәуірдегі сайлауға белсенді қатысып, дауыс беремін.

Сарыарқа ауданына қарасты нөмірі 94-ші сайлау учаскесінің төрағасы Аслан Әлімовтың айтуынша, қазіргі таңда сайлаушылардың тізімдерін нақтылау ісі тәмамдалуға жақын. Болжам бойынша, аталмыш учаскеде екі жарым мыңнан астам азамат дауыс береді.

Аслан Әлімов, Астана қаласының Сарыарқа ауданына қарасты № 94-ші сайлау учаскесінің төрағасы:

Жергілікті халықтың белсенділігі байқалады. Өйткені күнделікті бірнеше адам өздерінің тізімде бар-жоқтарын анықтап жатыр. Қазіргі таңда барлық тізімдер 90 пайызға дайын болды десек болады, тізімдер нақтыланды.

Астана қаласы әкімдігінің бастауымен  бірнеше сайлау учаскелерінің әзірлігі пысықталды. Атап айтсақ,  журналистер тобы  Жастар сарайында орналасқан нөмірі 4-ші және 5-ші, Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайындағы нөмірі 98-ші сайлау учаскелерінде болды. Жауапты учаске өкілдері сайлау науқанына толыққанды әзір екенін жеткізді. Десе де, сайлау күні сырқаттанып, түрлі себептермен сайлау учаскелеріне бара алмайтын азаматтар болады. Олар 26 сәуір күні сағат күндізгі 12-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына үйде дауыс беруді ұйымдастыру туралы өтініш жазулары тиіс.

Жұрағат БАМАН