Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы мүшелері Сыр елінде халықпен кездесті

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2015
  • 1120

Қызылордалықтар Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы мен бес институционалды реформасына үлкен үміт артады. Қазақстан Президенттігіне  кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы мүшелері Сыр елі жұртшылығымен кездесті. Үгіт тобы облыс активімен, теміржолшыларымен және ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен басқосуда үміткердің сайлауалды тұғырнамасын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы насихатталған жиынға қызылордалық зиялы қауым, жұмысшы жастар, спорт және әлеуметтік сала өкілдері қатысты.  Кездесу Нартай Бекежанов атындағы драма театрда өтті. Сыр өңірі тұрғындары аймақтың дамуына Елбасының ерекше еңбек сіңіргенін атап өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов облыс тұрғындары атынан Президентке Арал теңізін құтқару жолында сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.

Сейілбек Шаухаманов, мемлекет және қоғам қайраткері:

Қызылорданың халқы - елдің де қадірін білетін, ердің де қадірін білетін, тұз-дәмін ақтаған, президентті әрдайым жақтаған, антына адал, сертіне берік халық. Сондықтан алдағы сайлауда Сыр елінің халқы президентті жүз пайыз қолдайды деп, халқымның атынан сенім білдіргім келеді.

Кандидат Назарбаевтың үгіт тобы вагон жөндеу депосында болды. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» стратегиялық жобасы - теміржол тарихына алтын әріппен жазылған жоба. Шалғай жатқан екі өңірді жалғау кезінде арман болған. «Бүгінде Елбасы осы мақсатты жүзеге асырды. «Сексеуіл-Қоскөл» темір жолы 363 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олардың қатарында мен де бармын», - деді жас теміржолшы Нұрлан Өрекешев.

Біздің Елбасымыз сияқты, маңдайы терлеп, қолы ойылып жұмыс істеп жатқан адамдарды түсінетін елбасы  жоқ. Сондықтан біз Елбасын қолдаймыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс береміз.

Қызылорда облысының одан әрі дамуына «Батыс Қытай- Батыс Еуропа» жобасы ерекше ықпал етпек. Өйткені жаңа магистраль жергілікті кәсіпкерлерге  кәсібінен нәсіп табуға бірегей мүмкіндіктер ашуда. Қызылорда облысының тұрғындары 26 сәуір күнгі сайлауға жұмылған жұдырықтай, белсенді қатысатындықтарын жеткізді.

Жұрағат БАМАН