Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2015
  • 1348

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайынов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрамындағы Демократиялық институт және адам құқықтары бюросы миссиясының басшысы Корнелия Йонкермен кездесті. Шетелдік мейманды кандидаттың үгіт-насихат жұмыстарының барысы қызықтырды. Айта кетерлігі, Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасын жұртшылыққа кеңінен насихаттауда аймақтардағы штабтардың жұмысы қызған. Атырау және Қарағанды облыстарындағы сенімді өкілдер бірталай жұмыстың тындырылғанын айтып жатыр. 

Еуропалық Демократиялық институт және адам құқықтары бюросы миссиясы жетекшісі Қазақстан президенттігіне кандидаттармен кездесуді Әбілғазы Құсайыновтан бастады. Үміткердің Астанадағы штабына Корнелия Йонкер арнайы келіп, жұмыстарымен танысты. Әбілғазы Құсайынов шетелдік байқаушыға үгіт-насихат шараларының барысы туралы баяндап, өзінің сайлауалды тұғырнамасында басымдық берілген бағыттарды түсіндірді.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Үгіт-насихат жұмысына көп көңіл бөлінді. Біздің қанша қаражат бөлгенімізді сұрады, әр территорияда қандай жұмыстар атқарылып жатыр, оны айтып бердік.

Әбілғазы Құсайынов, сондай-ақ Астанадағы "Тұран" университетінің студенттер және ұстаздар қауымымен кездесті. Экологиялық проблемаларға негізделген сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Экология - біздің ортақ үйіміз, ғаламшарымыз туралы ғылым. Жер шары жалғыз, сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Атырау облысында кандидаттың 11 сенімді өкілі және 30 ерікті жақтасы бар. 14 сәуірде үміткердің өзі Атырауға келіп, сайлаушылармен кездеспек.

Асылбек Мүліков, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Атырау облысындағы сенімді өкілі:

Біздер оншақты адам осында отырамыз. Тұрғындар келеді, сайлаушылар келеді, соларға таныстарымыз, плакаттарды береміз. Үлкен жұмыс жасалып жатыр.

Ал Қарағанды облысында Әбілғазы Құсайыновтың 19 штабы жұмыс істейді. «Қоршаған ортаға деген көзқарас арнайы пәнаралық ғылымға айналуы тиіс. Қауіпсіз экологиялық дамуға экономикалық жүйеміздің даму тұжырымдамасы қайта қаралғанда ғана, қол жеткіземіз», - дейді штаб мүшелері. Осы ұстанымдарын олар сайлаушылар арасына кеңінен таратуда.

Мейрам Ыбышов, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Қарағанды облысындағы сенімді өкілі:

Облыс бойынша 784 сайлау учаскелері жұмыс жасап жатыр. Сонымен қоса 3 мың плакат ілініп, Қарағанды қаласында екеу, Жезқазған қаласында екеу, барлығы 4 билборд қойылды. 

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері мен штаб мүшелері насихат жұмыстарымен барлық өңірді қамтуға дайын.

Айгүл ӘДЕПБАЙ