Русский Сайттың толық нұсқасы

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф жұмыс сапарымен Қазақстанға келді

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2015
  • 1173

Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының арасындағы тауар-айналым жылына 1 миллиард доллардан асуы тиіс. Астанада ирандық әріптесімен кездесуде еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осындай баға берді. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналым  көрсеткіші бір миллион доллардан сәл ғана асады. Ресми Тегеран өкілі айтылған межеге жетуге  барлық жағдай бар деп санайды.

Айта өтейік, 40 жыл Батыс елдері санкцияларынан көз ашпаған Иран экономикасы енді  оңала бастады. Бүгін белгілі болғандай,  Қазақстан Иран аумағында терминалдар салуға ниетті. Ыдырысовтың айтуынша, бұл терминалдар екi ел арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтередi. 

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Бiздiң компаниялар Иран аумағында темiржолдардың түйiскен жерлерiнде және Парсы шығанағының оңтүстiгiнде терминалдар салуға дайын. Иран кәсiпкерлерi де Қазақстанның Каспий теңiзiндегi порттарында инфрақұрылымды дамытуға құлықты.

Мохаммад Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі:

Шектеулерге келер болсақ, Иран оларды заңсыз деп санайды. Бүгінде көптеген компания экономикалық қарым-қатынасты тереңдетуге мүдделі. Атап айтсақ, Қазақстан мен Ресей компаниялары Иран нарығына енуге қызығушылық білдіріп отыр. 

Кезедесу барысында тараптар ауыл шаруашылығындағы қарым-қатынастардың болашақ тетiктерiн де сөз етті. Иран Қазақстан аумағында ауыл шаруашылық өнiмдерiн бiрлесiп өндiруге дайын. Екі елдің сыртқы істер министрлері, сондай-ақ, жаһандық қауіпсіздік, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдай, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі тақырыптарын да қозғады. Министрлер барлық сұрақтарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік деп тарқасты.

Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында да болды. Мемлекет басшысы Иранды, түрлі қиындықтарға қарамастан, жақын саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Сонымен қатар, Зарифті Иран сыртқы саясатының жемісті жұмысы арқылы қол жеткен, Лозаннада өткен келіссөздер нәтижесімен құттықтады. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан да күш-жігер жұмсады, - деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Зариф Елбасыға «алтылық» елдерімен Иранның ядролық мәселесі бойынша келіссөздер өткізуге көмектескені үшін  ризашылығын білдірді.

Мохаммад Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі:

Бізде шикізат және пайдалы қазбалар транзитіне, өнеркәсіп пен жол құрылысына байланысты одан әрі ынтымақтасуға жақсы негіз бар. Иран осы және басқа салаларда Қазақстанмен ынтымақтастықты бұдан әрі тереңдете түсуге ниетті. Біз Қазақстанмен қарым-қатынасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен нығая беретініне сенімдіміз. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА