Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновтың үгіт-насихаты Жамбыл, Павлодар және Ақтөбе облыстарында жалғасты

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2015
  • 1539

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновтың экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін қамтыған сайлауалды тұғырнамасы Жамбыл және Павлодар облыстарында кеңінен насихатталуда. Ал, бүгін үміткер Ақтөбе қаласына келді. Тұрғындармен кездесіп, пікірлесті. Сайлаушылар үміткердің тұғырнамасына ой жүгіртіп, үміткерге сауалдарын қойды.

Кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Жамбыл облысындағы штабында 13 адам жұмыс істейді. Сенімді өкілдер бүгінге дейін үміткер Құсайыновқа дауыс беруге үгіттейтін 2000 ақпараттық плакат пен кандидаттың бағдарламасы жазылған 120 мың буклетті рұқсат етілген орындарға іліп, сайлаушыларға таратты. 

Айнұр Зауырбекова, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Жамбыл облыстық штабы жетекшісі:

Штабта барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық базамен толықтай қамтылған. Штаб қызметкерлері облыстық сайлау комиссиясымен тығыз байланыс орнатқан. Оларға күнделікті жұмысты қалай  жүргізу туралы кеңес беріп отырады.

Ал павлодарлық тұрғындарға үміткердің сайлауалды тұғырнамасы - қоршаған ортаны қорғау арқылы адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды насихаттайтыны түсіндірілуде. Қоршаған ортаға деген қамқорлық - кандидат Құсайыновтың бағдарламасының басты тақырыбы. Үміткердің бұл аймақтағы штабтарында 16 адам жұмыс істейді. Олардың он үші - сенімді өкіл. Кандидат туралы плакаттар қаланың белгіленген аумағында ілініп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстар жүргізілуде. 

Ғабит Базенов, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Павлодар облыстық штабы жетекшісі:

Облыстық штаб құрылған күнінен бастап, барлық жұмыстар орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес жүргізілуде. Кандидатымыз  Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасы экологиялық және өнеркәсіптегі қауіпсіздікке негізделген. Осыны біз халыққа түсіндірудеміз. Үгіт-насихат шаралары жоспарға сай жүріп жатыр.

Үміткер бұқарамен кездесуде қоршаған ортаны қорғауға қатысты ойын білдіріп, экологиялық мәселелерді  шешуге негізделген сайлауалды бағдарламасын  жан-жақты таныстырды. «Экологиялық проблема - табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын қоршаған ортадағы теріс құбылыстар», - дейді кандидат. Бағдарламасына «жасыл векторды» жалау еткен кандидат Әбілғазы Құсайынов қоршаған ортаны қорғау жайын барынша байыппен түсіндірді.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Экологиялық проблемалар табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын теріс құбылыстардың салдарынан пайда болуда. Әлемдік өнеркәсіп қалдықтарының 70 пайызына жуығы су қоймаларына тасталып, таза суды бүлдіруде.

Осыны мәлімдеген кандидат жиналған жұртты адамзат алдында тұрған маңызды жаһандық экологиялық проблемалармен таныстырды. «Қоршаған ортаның ластануы, түрлі газдардың зияны, «озон қабатының» сөгілуі басты тақырыпқа айналған жиынды үміткер «ғаламшардың жылынып, мұздақтардың жібуі әлем болып ойланатын нәрсе» деген ойымен қорытындылады.


Базаргүл ОТЫНШИЕВА