Қазақстан Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық
қоғамдық штабы мүшелері Атырау облысында болды. Үгіт тобы үміткердің жақтастары форумына қатысып, облыс белсенділерімен, Атырау мұнай өңдеу зауыты және
«ШевронМұнайГазИнк» компаниясының қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ,
жергілікті тұрғындар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері және
жұмысшы-мұнайшылармен басқосулар ұйымдастырылды. Үгіт шаралары барысында
кандидаттың сайлауалды бағдарламасы кеңінен насихатталды.
Атырау облысы - еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы ілгері
өңірлердің бірі. Бұнда қарқынды өндіріс, ауқымды инфрақұрылым жобалары іске
асырылуда. Қойнауы қазынаға толы аймақта жұрттың әлеуметтік жағдайы
жылдан жылға өсіп келеді. «Осының барлығы Елбасының сындарлы саясаты арқасында
қол жеткізілген жетістік», - дейді жұмысшылар.
Қожантай Садықов, мұнайшы:
Жағдайдан толық қамтылғанбыз. Айта берсек, сөз көп. Мұның бәрі Елбасымыз
Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа деген, еңбек ұжымдарына деген ерекше көңіл
бөлісі мен зор қамқорлығының арқасы.
Бүгінде Атырау облысына тартылған миллиардтаған инвестиция мұнайлы өлкенің
индустриялық бағыттағы дамуын еселеді. Облыста мұнай-газ саласымен қатар
үдемелі индустриалды инновациялық бағдарлама аясында бірқатар ірі жобалар
жүзеге асуда. Өңірде отыз бес су жаңа кәсіпорын ашылып, екі мыңнан астам адам
жұмыспен қамтылды.
Ілия Жақанов, Атырау облысының құрметті азаматы, жазушы:
Біздің жұлдызымыз биік. Біздің Қазақстанның болашағы нұрлы жолмен, сондай
да сәулелі күндерге шеру тартып барады.
Атырау облысының бағындырар белесі әлі алда. Барша ел азаматтары жаңа
газ-химиялық кешеннің іске қосылуы мен мұнай өңдеу зауытының жаңғырту
жұмыстарының аяқталуын асыға күтуде. Тек осы екі жобаға ғана Елбасының
тапсырмасы бойынша бір жарым триллион теңге қаржы бөлінген.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың
республикалық қоғамдық штабы жетекшісі:
Елбасымыз Ер Махамбеттің арманын жүзеге асырып, Жайықтың бойын елге де,
қисапсыз мол байлыққа да толтырды. Атырауды Қазақстанның әдемі қаласына, қазақ
мұнайының астанасына айналдырды.
Жұрағат БАМАН