Шымкентте отандық өнім өндіруші мен несие беруші тарап арасындағы дау
ушығып барады. Кәсіпкер мен оның қызметін қаржыландырушы «Максимум» аумақтық
инвестициялық орталығы, келісімшарт талаптары орындалмағаны үшін, бір-бірін айыптайды.
Мәселе бизнесті дамытуды қаржыландыруға қатысты туындаған. Қаржы операторы сот
арқылы кәсіпкерден қарыздарын өндіріп алмақ.
Электротехникалық изолятордың бұл жерде үлкенді-кішілі жеті түрі
дайындалады. Кәсіпкер Анармет Төленов энергетика саласына қажетті тауардың бұл
түрін 2011 жылы шығара бастапты. Бірақ кәсіпорын төрт жылдан бері тоқтап тұр.
Іскер азамат қаражаттың жеткіліксіздігінен қарқын ала алмай отырғанына сенімді.
Айтуынша, «Максимум» аумақтық инвестициялық орталығы әу-баста уәде еткен
қаражатты толық бермеген.
Анармет Төленов, кәсіпкер:
Жалпы сома 26 млн сұрағанбыз. 26 миллионның 16 миллионын алдық. 16 миллионның 2 миллионын қайтарып болдым. 14 млн қарыз боп қалдық. 16 млн 2018 жылға дейін. Әлі жартысы өтпестен, міне, қайтар деп тұр. Не
үшін бүйтіп істеп жатыр, білмеймін.
Шағын цех жылына 400 мың дана изолятор шығаруға қуатты. Мұнда шикізатты
дайындап, қалыпқа құятын және оны күйдіретін арнайы екі күлкен пеш те бар.
Өкінішке орай, қыруар қаржыға әкелген қондырғылар қаңтарылып тұр, - дейді
кәсіпкер. Өндіріс іске толық қосылса, кемінде жергілікті қырық адамды жұмыспен қамтуға
мүмкіндік бар деп отыр. Әзірше үмітін үзбеген санаулы жұмысшы құрал-сайманға
көз қырын салып жүр.
Рахымжан Айтуллаев, технолог:
Отандық өнімге қолдау болса деген үмітте жүрміз ғой біз қазір. Біздің
сапамыз Қытай мен Ресейдікіне қарағанда күшті. Күшті болғаннан
кейін жақсы, келешегі бар цех деп, жұмысты бастағанбыз ғой біз.
Кәсіпкер 15 млн тенге қаржы қажет деп отыр. Өз жоспары бойынша, ол бұл
қаражатқа шикізат сатып алып, жылына 400 мың электротехникалық изолятор
шығармақ.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Қазір қоймада 1500 дана мына секілді дайын өнім жатыр.Бірақ кәсіпкер мұны
сата алмай отыр. Өйткені тапсырысты орындау үшін осындай изоляторлардың әрбір
түрінен он мың данадан айналымда болуы тиіс екен. Алайда мәселе қаржыға кеп тіреліп
тұр.
Ал кәсіпкерді қаржыландыруды жергілікті билік тарапынан міндетіне алған
«Максимум» аймақтық инвестициялық орталығындағылар, Анармет Төленов несие
тарихымен қара тізімге ілінгенін айтады. Келісімшартты өрескел бұзды, дейді.
Тіпті қарызын қайтарту үшін ақпан айында сотқа да беріпті.
Арман Рауылбеков, «Максимум» аумақтық инвестициялық орталығы ЖШС
төрағасының орынбасары:
«Максимум» орталығы ешқандай да 26 млн теңге беруге уәде бермеген. «Үміт»
серіктестігімен бар болғаны 18 млн 306 мың 089 теңгеге келісім жасалған. Жылына
7 пайызбен бес жылға. Алайда Төленов кестені бірнеше мәрте өрескел бұзды.
Бұдан бөлек бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей алмады. Біз сол себепті сотқа
жүгіндік.
Дей тұрғанмен, кәсіпкерлер палатасындағылар іскер азаматқа қандай да бір көмек
қолын созуды жөн санап отыр. Тым болмаса, инвестор тауып беруге ниетті.
Қанат Шәлімбетов, ОҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы:
Инвестор тарту, сосын тапсырыс берушілерді іздестіруде. Мүмкін осы тапсырыс
табылған жағдайда тапсырыс берушілер өздерінің алғашқы жарнасын төлеп, өнім
шығарып, өзінің қарыздарынан құтылар деп, жоспарда жұмыс жасалуда.
Анармет Төленов Қазақстанның энергожабдықтаушы компанияларын өз өнімімен
қамтамасыз ететініне үмітті.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ