Русский Сайттың толық нұсқасы

Ішкі миграцияға байланысты Алматыда сайлаушылар тізімі құбылмалы болып тұр

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2015
  • 1205

Алматыда 1 миллион 28 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Бірақ бұлардың барлығы бірдей алдағы сайлауда дауыс бере ала ма, жоқ па - әзірге белгісіз. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының Алматыда арнайы өткізген семинар-кеңесінде мәлім болды.

Алматы қаласы сайлау комиссиясының дерегінше, қалаға тіркеуге тұрып жатқандармен қатар, тіркеуден шығып жатқандар да көп. Сондықтан сайлаушылардың саны әзірге құбылмалы. Тіпті кейбір тұрғындар тұрғылықты мекен-жайы бойынша өздерін таба алмай жатқан жайттар да кездесіпті. Десек те, барлық олқылықтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен сайлауға дейін шешіледі, - дейді сайлау комиссиясы өкілдері.

Жанна Асанова, Алматы қаласы сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Сайлаушылардың саны 1 миллионнан асады. 1 миллион 28 мыңға жуық сайлаушы болды. Енді сайлау күніне дейін бұл мәлімет, мүмкін, әлі өзгерер. Неге десеңіз, тіркеліп жатқан адамдар бар. Сайлау учаскесіне келіп жатқан адамдар бар, шығып жатқан адамдар бар. Бірақ көп емес, 100-200 адамға дейін, мүмкін, одан көп өзгерер.

Ал, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерінің айтуынша, Алматыдағы 8 ауданда барлығы 513 сайлау учаскесі ашылған. Еске салайық, Қазақстан Республикасының Президентін сайлау 26 сәуірде өтеді. Саяси науқанда 3 кандидат бақ сынамақ.

Берік ХАСЕНОВ