Өткен апта Қостанай облысының тұрғындарымен кездескен президенттікке кандидат
Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы Солтүстік
Қазақстан облысына жетті. Көпұлттылықтың жарқын үлгісі саналатын Петропавл
қаласының тұрғындары алдағы сайлау науқанына белсенді атсалысуға әзір.
Еуразиялық экономикалық интеграцияға қызу кіріскен Қызылжар халқының
азаматтық белсенділігі жоғары. Ресейдің үш облысымен шектесетін өңір
кәсіпкерлері Қазақстанның бүгінгі саяси бағытының жалғасуын қалайды. Себебі
интеграция арқылы облыс кәсіпкерлігінің бәсекеге қабілеттілігі артты. Өндірісін
бір ізге қойған бизнес өкілдері экономикалық одақтан кедергілер емес, зор
мүмкіндіктер көреді.
Марат Ахметов, зауыт қызметкері:
Біздің ел ең мықты 30 елдің қатарына қосылу үшін, қолымнан келгеннің
бәрін жасаймын. Өйткені Елбасы - менің идеалым.
Солтүстік Қазақстан - елімізді ауыл
шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған негізгі облыстардың бірі.
Өңірде индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 29 ірі жоба жұмыс істеуде.
Тек өткен жылдың өзінде аталмыш бағдарлама бойынша Петропавл қаласында 4,5 млрд
теңгенің 4 нысаны бой көтерді. Ал алдағы индустриалды 5 жылдық шеңберінде
аймаққа 100 млрд теңге бөлінді. Бұл облыс тіршілігіне тың серпіліс береді деп
күтілуде. Облыстың ел экспортындағы бүгінгі үлесі де салмақты.
Бибігүл Қасмақасова, сүт зауытының жұмыскері:
Бүгін біздің сүт өнімдерімізге сұраныс өте жоғары. Елбасымыз қазақстандық
өнімді дамытуға барлық мүмкіндіктер жасап жатыр.
«Қазақстанның өндіріс пен сауда-саттықтағы
бүгінгі жетістіктерін сақтап қана қоймай, жаңа деңгейге көтеру
үшін, тұрақтылық қажет»,
- дейді жергілікті кәсіпкерлер. Тұрақтылық болу үшін, ел болашағын таңдауда
да ынтымақ пен бірлік, белсенділік қажет. Кандидат Назарбаевтың сайлауалды
тұғырнамасындағы халықтар тұтастығы саясатынан ортақ мұрат көре білген
қызылжарлықтар сайлауға белсенді қатысуға ниетті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың
республикалық қоғамдық штабы жетекшісі:
Біздің елімізде Елбасының дана саясатының арқасында
тұрақтылық пен береке-бірлік берік орныққан.
Елбасының соңынан біз ереміз, «Нұрлы жолдың» ақтығына сенеміз, Сайлауға кеп
бір кісідей бәріміз, Нұрсұлтанға даусымызды береміз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ