Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Ә.Құсайынов өскемендік сайлаушылармен кездесті

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2015
  • 997

Бүгін президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Өскемен қаласына барды. Ол өндірісті өңірдегі сайлаушылармен пікір алмасып, өз тұғырнамасымен таныстырды. Құсайыновтың сайлауалды штабының мүшелері еліміздің өзге де аймақтарында қызу жұмысқа көшкен. 

Өскемен қаласындағы «Алтай» технопаркінің ұжымын кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасы ерекше қызықтырды. «Тұщы судың тапшылығы, автокөліктерден шығатын улы түтіндер басты экологиялық проблемаға айналды», - дейді кандидат. Осы ретте үміткер қоршаған ортаны қорғау шараларының көңілден шықпайтынын жасырмады. Мәселен, әлемде жыл сайын атмосфераға 1250 млн тонна көміртегі қышқылы, 170 млн тоннаға дейін күкіртті ангидрид, 20 млн тонна азот тотығы және басқа да химиялық зиянды заттар шығарылады.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Табиғи ортада қағаз кемінде 10 жыл, полиэтилен пакеттер 200 жыл, пластмасса 500 жылда ыдырайды.

Ал үміткердің Қызылорда облысындағы штабында 11 сенімді өкіл бар.  Олардың төртеуі қалада, жетеуі  аудандарда жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ штабта 3 қызметкер жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Қызылорда облысында кандидаттың 2 билборды ілініп, 2 мыңға жуық үгіт-насихат парақшалары таратылды. Сайлауалды насихат науқаны барысында сайлаушылармен кездесулер ұйымдастырылды.

Жандос Тұсмағамбетов, ҚР президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Қызылорда облыстық штабының жетекшісі:

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат А. Қ. Құсайыновтың өзінің сайлауалды платформасының негізгі мақсаты адамзаттың дамуы аясында экологиялық тұрғыда қауіпсіз дамуға көшудің негізгі мәселелерін қарастырып отыр. Сонымен қатар осы экологиялық аспектілер мен өнеркәсіптік қауіпсіздік сұрақтарын көтеріп отыр.

Ақтөбе облыстық штабы да үгіт-насихат жұмыстарын ширатқан. Олар кандидаттың тұғырнамасын тұрғындарға түсіндіріп, сайлаушылармен кездесулер ұйымдастырды. Аудандар да қамтылып жатыр.

Айқиғаш Демекбаева, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Бұл кісілердің берген плакаттарын, бізде Мартөк ауданында 13 ауылдық округ бар, сол ауылдарға таратып, керекті жерлерге жапсырдық. Қазіргі таңда халықпен бірге жұмыс істеп жатырмыз.

"Табиғат - адамның ең басты байлығы." Бұл Қазақстан Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов тұғырнамасының басты тақырыбы. Сенімді өкілдер үгіт-насихат жұмыстарын әлі үш күн жүргізеді. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ