Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов - насихат науқаны ашық әрі тең мүмкіндіктер жағдайында өтіп жатыр дейді. Бүгін Астанада үміткер аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілерімен видеоконференция өткізді. Үміткер сондай-ақ, қызыл ленталармен әсемделген көгершіндерді аспанға ұшыру рәсіміне де қатысты.
Үміткер Тұрғын Сыздықов үгіт-насихат науқанын қорытындылауда. Кандидат
пойызы осы уақытқа дейін сегіз аймақты аралап, алпыстан астам кездесу
ұйымдастырды. Қазақстанның халық коммунистік партиясы орталық комитетінің
хатшысы насихат науқаны ашық әрі тең мүмкіндіктер жағдайында өтіп жатыр деген
баға берді. Сайлау кампаниясы арқасында біз өз бағдарламамыздың негізгі
қағидаларын халыққа жеткізе алдық дейді.
Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:
Марксизим-ленинизм идеялары мен жалпы адами құндылықтар - бейбітшілік,
тұрақтылық пен төзімділік, интернационализм мен халықтардың достығы - туралы
әңгіме қозғадық.
Партияның облыстардағы комитеттері жетекшілері де атқарылып жатқан жұмыс
нәтижелері жайында егжей-тегжейлі баяндады. Мәселен, Батыс Қазақстан
облысындағы насихатшылар 18 елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесіп,
кандидаттың бағдарламасын түсіндірді. Бүгінде бұл өңірде 120 насихатшы, 20
белсенді және 5 сенімді өкіл бар.
Ниязбек Есенәлиев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді
өкілі:
Тұрғын Ысқақұылының үгіт-насихат штабы өзінің шарықтау шегіне жетті. Біздің
ұстанымымыз - марксизим-ленинизм.
Онлайн режимінде Оңтүстік Қазақстан облысы да байланысқа шықты. Кандидаттың
аймақтағы штабы жетекшісі Нұрлан Қадырқұловтың айтуынша, өңірде осы уақытқа
дейін 250-ден астам кездесу өткізілді. Үгіт материалдары таратылып, 12 мыңға
жуық плакат ілінген.
Нұрлан Қадырқұлов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың ОҚО сайлауалды
штабы жетекшісі:
Қазіргі біздің жұмыста сайлау күніне арнайы өз бақылаушыларымызды дайындап
жатырмыз. Сайлау күні олар дауыс беруге қатысады толық.
Бейнеконференцияға Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда,
Жамбыл облыстары да қосылды. Олар атқарылған істер жөнінде әңгімеледі. Ал республикалық штабтың жетекшісі Айқын Қоңыров Қазақстан бойынша барлығы 16
облыстық сайлауалды штаб қызмет атқарып отырғандығын айтты. Сондай-ақ, бүгін
кандидат Тұрғын Сыздықов пен жас коммунистер тобы қызыл ленталармен әсемделген
көгершіндерді аспанға ұшырды.
Партия алған бағытынан қайтпай, марксизм-ленинизм идеяларын дамытуды
жалғастыра бермек. Іс-шараға қатысушылар осыны атап өтті.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА