Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Т.Сыздықовтың сайлауалды үгіт-насихат тобы жұмысын қорытындылады

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2015
  • 1378

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов та бүгін Астанадағы сайлаушыларымен кездесті. Қазақ драма театрына жиналған үміткердің жақтастары үгіт-насихат жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Насихат жұмыстарын аймақтардағы сайлауалды штабтар да қорытындылап жатыр. Олар бір ай бойы жалғасқан шаруаларды ойдағыдай аяқтап, сайлауға дайындықтарын пысықтады. 

Астана тұрғындарымен кездескен Тұрғын Сыздықов марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық негізінде әрекет ететіндерін айтты. Қазақстанның коммунистік халық партиясының қызметі ғылыми социализм идеясын, марксистік-лениндік оқуды және прогресшіл қоғамдық ойларды негізге алады, - дейді Қазақстан коммунистік халықтық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Бүгін мен өзімнің сайлау науқанындағы үгіт-насихат жұмысымды Астана тұрғындарымен кездесумен аяқтағым келіп отыр. Бүгін адами құндылықтар қатарында бірінші кезекте халықтардың бейбіт өмір сүруі мен интернационализм тұр. Олар бейбітшілік пен өркендеудің кепілі.

Бұдан соң Тұрғын Сыздықов өзінің тұғырнамасында басымдық берілген бағытқа тоқталды. Батыстың кемшін тұсы мәдени салада анық байқалады. Батыс мәдениеті бизнестің саласына айналды, оның жоғары критерийлері тек материалдық құндылықтар бола бастады дейді. Ал үміткердің сайлауалды штабы жетекшісі үгіт-насихат шараларының өз деңгейінде жүргізілгенін атап өтті.

Айқын Қоңыров, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың республикалық сайлауалды штабы жетекшісі:

Біздің бұқаралық ақпарат құралдарына қолымыз жетімді болды. Республикалық телеарналарда насихат роликтері толыққанды көрсетілді. Осы уақыт аралығында бір миллион данадан асатын үгіт өнімдері шығарылды.

Үміткердің аймақтардағы штабтарында жұмыс қызған. Тұрғын Сыздықовтың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабы ерекше белсенділік танытып отыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы штаб өкілдері кандидаттарының тұғырнамасында басымдық берілген бағыттарды сайлаушыларға жеткіздік дегенді айтады. Ал батыстағы сенімді өкілдер - халқымыздың ата дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жастардың бойына сіңірейік,- деген ұран аясында жұмыс істегенін жеткізді. Тұрғын Сыздықовтың адами құндылықтарды бағалау, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысты ойлары Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында да жан-жақты насихатталды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ