Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат азаматтар өз таңдауларын жасады

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2015
  • 1097

Қазақстан Президенттігіне кандидаттар да бүгін тиісті дауыс беру учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Сайлауға асыққан қазақстандықтардың алғашқы легімен келген кандидаттар сайлауалды жұмыстардың да, дауыс беру процесінің де жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

Ашық әрі демократиялық сайлау бейбітшілігі мен тұрақтылығы қатар жүретін мемлекетте ғана бола алады. Республика бойынша бір мезетте ашылған сайлау учаскелеріне келген азаматтардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Астанадағы нөмірі 81-інші сайлау учаскесіне жиылған көпшілік арасында, дәл осы жерде Мемлекет басшысы таңдау жасайды деген ақпар тез тарады. Көпшілік ел басшысының келуін тағатсыздана күтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен даусымды Қазақстан үшін бердім деп айтсам болар еді. Қазақстанның болашағы үшін. Біздің жасап жатқан істердің жалғасы үшін, оның жемісін біз де, біздің ұрпақтарымыз көру үшін.

Нұрсұлтан Назарбаевтан бұрын дәл осы дауыс беру жәшігіне еліміздің белгілі саяси тұлғалары мен президенттің отбасы мүшелері де өз  бюллетеньдерін тастады. Учаскеге жиналған азаматтар, алғашқы сәттегі қарбаласқа байланысты пайда болған кезекке қарамастан, тапжылмай күтіп, таңдау жасап жатты. Осы сәтте қаланың басқа шетінде, кандидат Тұрғын Сыздықов өз учаскесіне асыға жетіп, алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Жаңа ғана мен дауыс беріп шықтым. Менің айтатыным, дауыс беру жағдайы өте жақсы ұйымдастырылған. Учаскенің сайлау комиссиясының мүшелері жауапты, өте белсенді қызмет істеп жатыр. Адамдар өте көп келіп жатыр. Менің ойымша, дауыс беру үшін және ашық сайлау өткізу үшін, бар жағдай жасалған.

Кандидат Әбілғазы Құсайынов та бұл күні өз сайлау учаскесінен табылды. Кандидаттың сайлау барысына, сондай-ақ сайлауалды жұмыстардың өту деңгейіне көңілі толады.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Жалпы сайлау науқанының қалай өткені толықтай көңілімнен шықты. Үлкен жұмыс атқардық. Бүгін барша мемлекет үшін тарихы маңызды күн. Дауыс беріп шықтым, дауыс беру учаскесіндегі жұмыстар ойдағыдай. Енді сайлау қорытындысын күтеміз.

Үш үміткермен қатар, шешуші күннің қорытындысын барша Қазақстан мен әлемдік қауымдастық кірпік қақпай күтеді. Бүгін кешкі сағат 8:00-де барлық сайлау учаскелері жабылып, сайлау науқанының дауыс беру нәтижелерін есептеу деген кезекті жауапты кезеңі басталады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ