Русский Сайттың толық нұсқасы

Сайлауда қызылжарлық жастар белсенділік танытты

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2015
  • 1573

Президент сайлауында қызылжарлық азаматтар да жоғары белсенділік танытты. Қала тұрғындарының басым бөлігі бүгін кандидаттарға дауыс беріп, өзінің азаматтық позициясын білдірді. Арасында сайлауға қатысуға алғаш рет мүмкіндік алған жастар да бар. Қызылжарлық жастардың көңіл күйі көтеріңкі. Таң сәреден бастап дауыс беруге асыққан жасөспірімдер жергілікті сайлау учаскілеріне ағылып, ел болашағына салғырт қарамайтындарын көрсетті.

Абзал Құрманкин, тілші :

Мәселен, Мағжан Жұмабаев атындағы колледж студенттері бүгін тобымен келіп, таңдау жасады. Олар, сайлауға қатысу - әрбір тұрғынның азаматтық борышы, деп санайды. Себебі, азаматтық таңдау елдің жарқын болашағына жол ашады,  - дейді.

Айна Қайыртайқызы, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті:

Бүгін Қазақ елі үшін сондай өте маңызды күн. Себебі бүгінгі таңдалған кандидат ертеңгі Қазақстанның жарқын өміріне өзінің үлесін қосады.

Сонымен қатар әрбір қазақстанның азаматы бүгінгі сайлауға қатысып, өздерінің шешімдерін жасап, Қазақстанның жарқын болуына өз үлестерін қосуы тиіс.

Cұлтан Төлебай, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық  колледжінің студенті:

Мен осы сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. Осы күн мен үшін, Қазақстанның әрбір азаматы үшін ерекше күн деп санаймын. Осы президент сайлауы ол біздің Отанымыздың, Қазақстан Республикасының болашағы деп санаймын.

Елдің ертеңгі күніне тікелей қатысы бар маңызды науқаннан шет қалмай, бүгін келіп бірінші рет дауыс берген жастарға кішігіріп сыйлықтар да табысталды. Солтүстік Қазақстан облысында 709 сайлау учаскесі бар. Сайлау ережелерінің бұзылмауын Қызылжар өңірінде 62 шетелдік байқаушы қадағалады. Жалпы саяси науқанның ұйымдастырылуы, байқаушылардың көңіліне шықты. Олар сайлау барысында барлық демократиялық талаптардың сақталғандығын айтып отыр.

Александр Малькевич, Халықаралық байқаушы:

Бізге, ресейліктерге сіздерден сайлауды ұйымдастыру бағытында әлі көп нәрсе үйрену керек. Мен бүгін таңғы жетіде адамдардың ән ұран айтып, кейін дауыс беру үшін ұзын-сонар кезекке тұрғанын көріп, таң қалдым. Тұрғындар үшін сайлау мереке сияқты. Заңның бұзылғандығын біз бүгін мүлде байқаған емеспіз. Барлығы да тиянақты, тыңғылықты ұйымдастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылардың жалпы саны 378 мыңға жуық. Сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, өңір тұрғындары бүгін барынша белсенділік танытты. Қазір бүкіл сайлау учаскілері жабылып, сайлау комиссияларының мүшелері бюллютеньдерді санауға кірісті.

Абзал ҚҰРМАНКИН