«Мен әрбір азаматқа сенемін».
Кезектен тыс президент сайлауының алдын-ала нәтижесі белгілі болысымен, өз
жақтастарымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыны айтты. Түнде іс
басындағы Президент сайлау нәтижелері бойынша экзит-пул қорытындысын жариялау
рәсіміне қатысты - деп, Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Экзит пул қорытындысы бойынша, президенттік
сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев ең көп дауыс жинаған. Мемлекет басшысы өз сөзінде
бүкіл Қазақстан халқына ризашылығын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
Мен әрбір азаматқа, әрбір отбасына маған ел
дамуындағы бүкіл Тәуелсіздік жылдары бойы сенім артқаны және осы жолғы сайлауда
қолдағаны үшін ризамын. Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу идеясы
Қазақстан халқы Ассамблеясына тиесілі. Бұл шешімді қазақстандықтар қолдады.
Менің кандидатурамды ұсынғаны үшін «Нұр Отан» партиясына рахмет айтқым келеді,
партия мүшелері жергілікті жерлерде белсене жұмыс жүргізді. Сондай-ақ
Республикалық қоғамдық штабқа да ризамын. Оның өкілдері бүкіл республиканы
аралады, халықпен кездесіп, елде жүргізіліп жатқан саясатты түсіндірді. Барлық
сенімді өкілдер мен белсенділерге алғыс айтамын.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ