Русский Сайттың толық нұсқасы

Ел жастары президенттік сайлаудың аяқталуын салтанатты түрде атап өтті

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2015
  • 1673

Қазақстан жастары президенттік сайлаудың аяқталуын салтанатпен атап өтті. Еліміздің барлық қалаларында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Елордадағы «Мәңгілік Ел» монументі алаңына жиналған 3000-ға жуық студент өнер майталмандарының  концерттік бағдарламасын тамашалады. Көтеріңкі көңіл күй сағат тілі 12.00-ге жеткенде асқақтай түсті. Жиналған қауым Қазақстанның Азаматтық альянсы тапсырысымен, Демократия институты әзірлеген жалпыұлттық exit-poll нәтижесін тікелей эфир арқылы тыңдады. Белгілі болғандай, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,5 пайыз дауысын жинап, жеңіске жетті. Шара барысында алаңда отшашу мен жастардың флешмобы ұйымдастырылды. Бірыңғай ақ түсті көлік мінген жастар Қазақстанның Мемлекеттік Туын көтеріп, автокөлік шеруімен елорда көшелерімен жүріп өтті.

Нұрсұлтан Айбатыров, Астана қаласының тұрғыны:

Бүгін мен сайлауға алғаш рет қатысқан болатынмын. Ол сайлауға қатысып, өз мемлекетімнің дамуына өз үлесімді қосқаныма қатты қуанып тұрмын. Сөзбен айтып жеткізу тіптен мүмкін емес.

Керекулік жастар Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жетуін осылайша ыстық ықыласпен қарсы алды. Орталық алаңда ұйымдастырылған «Алға, Қазақстан» деп аталған кешке ұзын саны 2000-ға жуық қыз-жігіт атсалысты. Жиналған қауымның көтеріңкі көңіл күйін себелеген жаңбыр да бұзбады. Керісінше, бұл құбылысты бұқара жақсылыққа жорып жатты. Әсіресе, Павлодардың көңілді тапқырлар клубындағы жастар әзірлеген әзіл-қалжың көрерменнің көңілін  серпілте түсті. Сахнада Керекудің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Кештің көрігін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қыздыра түсті. Олар әр қазақстандықтың жүрегінен орын алған патриоттық әндерді шырқады.

Әсем МҰХИТОВА