Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановты қабылдады

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2015
  • 1642

Бүгін Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтановты қабылдады. Ақорданың баспаөз қызметі хабарлағандай, мәжілісмен Нұрсұлтан Назарбаевқа Парламенттің төменгі палата жұмысы жайында баяндап, алдағы жоспарлар жайында мәлімдеді. Кездесу бейресми форматқа ауысып, Президент депутатты 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, мықты денсаулық, бақ-береке және бұдан арғы жұмысына табыс тіледі.

Сондай-ақ бүгін мәжіліс залында Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және қазақ мемлекеттілігі» атты кітабының тұсауы кесілді. Шараға Парламент Сенатының спикері, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Премьер-министрдің Кеңсе басшысы да қатысты. Еңбекте Елбасының кемел саясаты, әлемдік сахнадағы абыройы туралы кең көлемде баяндалған.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Сіз биыл 16 жыл толған партия жұмысына ерен еңбек сіңірдіңіз. Бұл сіздің ел бірлігінің нығаюына, тұрақтылық пен партияның алдына қойған мақсаттарына жету жолындағы еңбегіңізді партия лидерінің, партия органдары мен жалпы нұротандықтардың мойындағаны деп біліңіз. Және елді ұйыта түскен партия доктринасының қабылдануына сіздің қосқан үлесіңізді ерекше атағым келеді. Сіздің бұл еңбегіңіз әлі де жалғаса түседі деп сенемін.

Айта өтейік, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі Қуаныш Сұлтановқа қазақстандық қоғамның нығаюы мен дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін  «Алтын белгі»  жоғарғы марапты табысталды. Бюро мүшелері Сұлтановты бұл атаққа лайық деп бірауыздан мақұлдады.

Айта өтейік, бұл марапат 16 жылдық тарихы бар партия жұмысында осымен үшінші рет қана табысталып отыр. Награданың ерекшелігі сол - онда партияның жаңа логотипі бейнеленген.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА