Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы жеке детективтер құзыреттілігі депутаттар арасында қызу талқыланды

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2015
  • 1734

Қазақстандағы жеке детективтер институтын құру мәселесі бүгін Парламентт қабырғасында қызу талқыланды. Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасына қатысты депутаттар пікірі қақ жарылды. Бірі - жеке детективтердің қолына кең құзырет беру керек десе, ақ жағалылардың басым көпшілігі қолы ұзарған тәуелсіз ізкесерден қоғам үшін, тіпті жеке басына да қауіп таныды. Жеке детектив кім үшін және неліктен қауіпті? Азамат Алдоңғаров сабақтайды.

Мемлекет басшысының құқықтық қоғам құру үшін жеке детективтер институтын құру қажет деген халыққа жолдауындағы тапсырмасына үкіметтің жауабы - су жаңа заң жобасы - бүгін Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында кеңінен талқыланды. Отырыс бойы Голливудтың жер өртеген, даулы отбасылары туралы бейнеден бас көтермеген кейбір депутаттар, Әділет министрі тәуелсіз ізкесерлер туралы баяндай бастағанда ғана, елең етті.

Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ Жол» фракциясының мүшесі:

Заң жобасының 9 бабына сәйкес оның авторлары детективке жеке сұхбат жүргізуге, заңды және жеке тұлғаларға ресми сұрау салуға және қоғамдық бірлестік құруға құқық беріпті. Осыған байланысты менде бірнеше сауал туындап отыр. Біздің ата заңымыз қатардағы азаматтарымызды осы құқықтардан қашан айырып еді? Біз бен сізден артық құқы жоқ кәсіби маманды лицензиялап, мүмкіндігі тар арнайы институт құрудың қажеті қанша?

Заң жобасы қазақстандық детективтерді бейне-дыбыс жазу, оқиға орнын аралау, бақылау сынды құзыреттен айырыпты. Олар тек тілдесумен шектелуі тиіс. Детективтің қолын ұзартуға болмай ма деген ұсынысты Рауан Шаекин жасады.

Рауан Шаекин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жеке детективтік қызмет көмегімен қаншама тұрмыстық проблемалардың алдын алуға болар еді. Мысал келтірейін. Астана қалалық ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 20-дан астам жасөспірім үйлерінен кетіп қалған. Ішкі істер департаменті оларды іздеп, қандай ортаға түскенін жан-жақты зерттеді дегенге сену қиын. Біздің заң құжатынан көргіміз келетіні - жеке детективтерді қарапайым азаматтың құқықтарынан аспайтын тілдесу, сұрау тастау құзыретінен әлдеқайда кең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету.

Депутат осылайша зейнетке ерте шығып, қоғамға өз еркінен тыс кем қызмет ететін тәртіп сақшыларының потенциалын барынша пайдаланып қалуға ниетті. Шаекиннің бұл ұсынысынан кейін, бейне көріп бейқам отырған депутаттарға жан біткендей. Мәжіліс төрағасы бұл жандануды өзінше қалжыңнмен топшылады.

Смотри, как мужики зашевелились. Боитесь на рыбалку не съездить?

Мәселе балықта емес, бизнесте. Кәсіпкерлерді саяси күшке біріктерген ақжолдықтар жетекшісі жүгенсіз кеткен жеке детективтер бизнеске кері әсер етеді деген ойда.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Бизнесті алыңыздар. Бір-бірін аңду, із бағу, бәсекелестерді жолдан тайдыру соғысы басталады. Бұның арты қоғамға ауыр тиюі мүмкін. Және әріптестеріміз зейнетке ерте шыққан құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бұл қоғамға пайда тигізуге мүмкіндік дейді. Ал бізде тіпті қызметте жүрген азаматтардың барлығы кіршіксіз таза, адам құқықтарын қалтықсыз орындайды деп айтуға келе ме? Өкінішті жәйттер туралы мысал келтірмей-ақ қояйын, олар жеткілікті.

Әріптесінің сөзін бір кездердегі Әділет министрі, заңды білетін Зағипа Балиева қоштады.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Құрметті әріптестер, жеке детективтерге артық құқық беріп, өзіміз сол қызметтің құрбаны болуы мүмкін екенімізді ұмытпауларыңызды сұраймын. Сіздің жеке басыңыз туралы біреудің сырттан ақпарат жинастыруына, сізге қатысты қандай да тергеу жүргізуіне жол беруге болмайды.

Десе де, Заң жобасы қажет, бірақ өте ұқыпты болу керек деген сынды көп сөздерден кейін, құжат ақыры қабылданды. Біршама пікір таластырып, ұсыныс айтқан депутаттар да дауыс беруде, не себепті екендігі белгісіз, бір ауыздан мақұл десті. Ал ұзақ отырыстан соң журналистерге шыққан министр Берік Имашев, детективтер туралы заң жобасын Ішкі істер министрлігі емес, өзі басқарған Әділет министрілігі әзірлегендігіне таң қалысын жасармады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ