Русский Сайттың толық нұсқасы

Владимир Божко: 2050 жылға қарай Алматы облысындағы барлық мұздықтар ериді

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2015
  • 1248

Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко да киіктердің жаппай қырылуына «Гептилдің» қатысы жоқ деп санайды. «Себеп жануарлардың генетикалық тұрақтылығының бұзылуынан, не болмаса «пастереллез» індетінің тосын мутациялық әрекетінен болуы мүмкін», - деген болжамын вице-министр бүгін айтты. «Киік ең көп қырылған Қостанай облысында «гептил» қалдықтары болуы мүмкін емес», - деді.

Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Негізінде бұл іспен біздің ведомство айланысқан жоқ. Біз тек қырылған жануарлардың өлексесін жерлеу ісімен айналыстық. Осы мақсатта гвардияның 150-ге жуық әскери қызметшісі жұмылдырылды. Естеріңізде болса, өткен жылы 25 мыңға жуық киік қырылған. Бұл жайттар жануарлардың түрлі ішкі шағылысынан немесе киіктердің генетикалық тұрақтылығының бұзылуынан болса керек. Биыл 100 мыңға жуық киік қырылды. Бұл өте көп. Қазір бұл іспен тікелей Ауыл шаруашлығы министрлігі айналысуда.

Владимир Божко бүгін тағы бір болжам жасады. Айтуынша, халықаралық «McKenzie» консультациялық компаниясы дүниежүзілік климаттың жылынуы салдарынан 2050 жылға қарай Алматы облысындағы барлық мұздықтар ериді деген пайымға келген. «Климаттың ауысуы Қазақстанға да кері әсерін тигізері анық. Осы орайда апаттың алдын алу үшін қазірден қамдану керек», - деді ол.

Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Алматы облысындағы тауларда мұздақтардың еру процесі қазір де жүріп жатыр. Еру жылдамдығы жалпы аумақ бойынша 1 пайызды, ал көлемі бойынша 0,5 пайызды құрап отыр. Енді неше жылдан кейін мұз еріп бітетінін, өздеріңіз санай беріңіздер. Мен осы дүниежүзілік жылымық мәселесі бойынша Жапонияда Біріккен Ұлттар Ұйымының жиынында болдым. Олар бұл табиғи апат әкелуі мүмкін қауіп-қатерге қазірден назар аударуда. Біз де дер кезінде әрекет етуіміз қажет.

Владимир Божко биылғы су тасқынынан миллиардтаған шығын келгенін атап өтті. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына 800 миллион теңге қажет. Ал Ақмола мен Қарағанды облыстарына келген залал 8-9 миллиард теңгеге бағаланған. Бұл тек болжам ғана, ал зардап мөлшері әлі де есептеліп жатыр, деген вице-министр: «Әлі электр, байланыс жүйелерін, жолдар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру ісі күтіп тұр», - деді.

Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Осы жылы Қазақстанның 5 облысында 7 қаланы, 26 ауданды, 88 елдi мекендi су басты. Жалпы табиғат апатынан 3067 үйді су алды. 243 автомобиль жолы және жалпы 20 көпiрдi су шайған. Төтенше жағдай аумағынан дер кезiнде 18 мың адам қауiпсiз жерге көшiрiлiп, 470 адам құтқарылды. Ендігі міндет - барлық шығындарды есептеу.

Жұрағат БАМАН