Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияда Елбасы атында көше ашылды

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2015
  • 1007

Түркияның Адана қаласындағы үлкен даңғылдардың біріне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Тарихы тереңде жатқан бұл шаһарда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі жақсы дамыған. Жылдық өндірісі жағынан Түркиядағы төртінші табысты қала. Дәл осы тарихи күні Жейхан ауданында қазақ мәдениет үйі ашылатыны белгілі болды. Салтанатты шараға қатысып қайтқан меншікті тілшіміз Самат Сүлей тақырыпты сабақтайды.

Елбасымыздың есімімен аталатын бұл көше Адана қаласының дәл орталығында орналасқан. 2 миллионнан аса халқы бар қала тұрғындары бұдан былай көшенің ескі атауы «Алтын бульвардың» орнына Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-жөнін жиі айтатын болады. Түркия тарапынан көрсетілген бұл құрмет достық пен бауырмалдықтың нығая түсуіне жол ашпақ.

Шараның ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдерімен қатар, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев қатысты. Жиында сөз алған Адана қаласының губернаторы Мұстафа Бүйік: «Көшенің атын Елбасының есімімен байланыстыру - біз үшін үлкен абырой. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлы - әлемдік деңгейдегі көшбасшы», - деді. 


Мұстафа Бүйік, Адана қаласының губернаторы:

Нұрсұлтан Әбішұлы - қысқа ғана уақыт ішінде қазақ елінің қарыштап дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Әлемдегі экономикалық қиындықтарға қарамай Қазақстанның алға жылжуына жол сілтеген басшы. Оның есімі тың бастамаларымен төрткүл дүниеге аян. Ал, Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқанын қуанышпен, әрі мақтанышпен айтамыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын бұл даңғыл Анадолы еліндегі төртінші көше. Бұған дейін Қыршехир, Невшехир және Гебзе қалаларындағы көшелерге Елбасымыздың есімі берілген болатын. Назарбаев даңғылының тұрғындары да қазақ көшбасшысының еңбегінен хабардар екен.

Мұзаффер Дайы, Адана қаласының тұрғыны:

Әлемдік көшбасшының есімі көшемізге беріліп жатқанын біз үлкен қуанышпен қабылдадық. Нұрсұлтан Назарбаев тек Қазақстанның ғана басшысы емес, түркі әлемінің ақсақалы ретінде қосқан үлесі көп. Сонымен қатар, қазақ-түрік байланысының барыншы қарыштап дамуы үшін, тер төгіп келеді.

Ал Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев өз кезегінде бауырлас ағайындарға еліміздің атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ, жуырда Адана қаласына қарасты Жейһан ауданында қазақтың мәдениет үйі өз жұмысын бастайтынын жеткізді.

Самат СҮЛЕЙ