Русский Сайттың толық нұсқасы

Азат Перуашев Білім және ғылым министріне қызметтен кетуді ұсынды

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2015
  • 990

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жанжал шықты. «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Білім және ғылым министріне қызметтен кетуді ұсынды. Депутат министрді президент міндеттеген тапсырмаларды орындамай отыр деп айыптады. Ал Аслан Сәрінжіпов өз кезегінде Азат Перуашев жеке меншік жоғарғы оқу орындардың мүддесін қорғап отыр деген мәлімдеме жасады. Бас прокуратураның тексерісіне негіз болуы мүмкін дауға тілшіміз Берік Хасенов куә болды.

Мәжілістің жалпы отырысы. Күн тәртібінде 12 заң жобасы қарастырылуы тиіс. Отырысқа 95 депутат қатысуда. Басқа отырыстардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ бүгінгі дау Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың «Білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндамасынан кейін басталды. Депутат Азат Перуашев, мақұлданған жоспар бойынша биылдан бастап аттестациялаудан түбегейлі бас тартып, жоғары оқу орындарын аккредиттеуге көшу керек болатын, ал Білім министрлігі мұны іске асыра алмады, деген сын-пікірін айтты. Заңнан гөрі министрді ауыстыру оңайырақ деді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Президенттің арнайы тапсырмасын орындай алмады. Енді келіп айтып отырғандары: «Жағдай осылай, заңды өзгертейік». Заңды үнемі өзгерте бергенше, кейде министрді өзгерткен оңайырақ. 

Министр өз кезегінде депутаттың сұрағына өзін-өзі басқарып отырған ұйымдарды аккредиттеуге өткізу үшін, министрлік қана емес, нарық дайын болуы керек деген жауап қайырды. Сондай-ақ Қазақстандағы 127 жоғары оқу орнының үштен бірі - жеке мекемелер. Олар коммерциялық ұйым ретінде жұмыс істеп, стандартқа сай емес білім береді, сапаға кепілдік бермейді. «Сондықтан олар мұндай жүйеге дайын емес», - деді министр. Ал, Азат Перуашев өз кезегінде «біреулердің мүддесін қорғаштап, лобби жасап отыр» деген мәлімдеме жасады.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бүгінгі Перуашев мырзаның айтылған сөздері, меніңше, жеке меншік шағын университеттермен байланысты, оларды қорғау үшін айтылды. Өйткені бізде әлі де сапасыз білім беретін жоғарғы оқу орындар, университеттер әлі де бар.  

Министрдің дәлізде айтқан сөзі Мәжілісте отырған депутатқа дереу жетсе керек, отырыстың ортасында Азат Перуашев БАҚ өкілдеріне шығып, Аслан Сәрінжіповке неліктен қызметтен кетуін айтқанын түсіндірді. Сонымен қатар, «лоббиге» қатысты сөзі үшін министрді сотқа бере алатынын жеткізді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Анау-мынау мені лоббировать етіп отыр дегені үшін, сотқа да беруге болады. Мен қалай болса да, халықтың қалауымын. Мен осында өз депутаттық мандатымды ақтап жүрмін. Бұл менің жолым, сол үшін сайлаушылар бері қарай сайлады. Ал ол алдымен өз жұмысы үшін жауап берсін.

«Ақ жол» фракциясының жетекшісі мұнымен тоқтамай, Мәжіліс отырысы соңында Білім және ғылым министрі мәлімдемесінен Қылмыстық кодекс бабына жататын белгіні байқағанын, осыған орай Бас прокуратурадан министрдің ісіне баға беруді сұрады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Сіздер білесіздер, лобби дегеніміз - қандай да бір заңды өзгерту үшін, ақылы қызмет ұсыну, бұл бірінші. Екіншіден, Қылмыстық кодекске сай ақпарат құралдарының көмегімен депутатқа тіл тигізу белгілі бір жауапкершілікке әкеледі. Осыған орай мен спикерлерден осы мәселені шешу үшін Бас прокуратураға баруды сұраймын.

Жиын соңында «Ақ жол» фракциясы «Білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдамады. Парламенттің төменгі палатасының тоғыз депутаты қалыс қалып, 86 депутаты қолдағандықтан, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Берік ХАСЕНОВ