Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Ресей мен Батыс арасындағы санкциялық теке-тірес жаңалық емес - тарихи дежавю

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2015
  • 1271

Ресей мен Батыс арасындағы санкциялық теке-тірес жаңалық емес - тарихи дежавю. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мен Вашингтон арасындағы экономикаға шапқан саяси күндестікке осындай баға берді. «Ресей 24» арнасының тілшісіне берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев санкцияларға төзудің және ет үйретудің қажеті жоқ деген пікір білдірді. Және сауда мен саясат шатасқан дағдарыстан шығудың өз жоспарын ұсынды.

Тығырықтан шығар жол қашан да табылады. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік құрылымға салқыны тиіп отырған «Ресей – Батыс» тартысында экономика мен саясаттың аражігін ажыратып алу керектігін айтты. «Ресей 24» арнасына берген сұхбатында Қазақстан басшысы қалыптасқан жағдайды жаңалық емес, кешегі тарихтың қайталануы дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұндай санкцияларға ет үйрету мүмкін емес. Бұл сирек кездесетін - саясат пен экономиканың түйісетін тіресі. Оның залалы тек Ресейге тиіп отырған жоқ, барлығын шарпыды. Еуропа да оны қош көріп отырған жоқ. Еуропаның қаншама кәсіпкері Ресейдегі үлкен нарықтан айырылып, табысынан қағылды. Ұтқан не ұтылған тарап жоқ. Ал қиындықтарға тоқталатын болсақ, олардың болмаған кезеңі бар ма? Кеңес одағы өзінің 75 жылдық тарихы бойы санкциялар салқынын сезініп келді. 1980 жылғы Олимпиада тұсындағы санкциялар әркімнің есінде, ал Ауғанстандағы қақтығыстан кейінгі жағдай - тіпті бөлек әңгіме. Бірақ өмір сүрдік қой? Бірақ дамуға жол барда неге тартынуымыз қажет?

Әріптестерін тартынуға емес, талпынуға үндеген Елбасы Мәскеу мен Вашингтон, Еуропалық одақ арасын салқындатқан Украина дағдарысын біржола шешу үшін, қолайлы уақыт туғандығын алға тартады. Бұл жолы да Назарбаев түсінесе алмаған тараптар арасында бітімгер болудан аянып қалмақ емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кез-келген сұрапыл соғыстың соңы ымырамын аяқталады. Қан төккен қарсыластар да тіл табысады. Бұл дағдарыс та аяқталады, бірақ тезірек аяқталғаны дұрыс. Екі ортада арағайындық қажет болған күнде, мен ешқашан аянып қалған емеспін. Мемлекет басшылары кездесіп бір ымыраға келе алады. Мен шешілмес түйін көріп отырған жоқпын. Қазір Ресей де, Украина да күрмеуді біржола шешетін сәтке жақындағанын байқаймын. Еуропалық лидерлер де осыны қалайды. Меніңше, қолайлы уақыт туған сияқты.

Жаһандық деңгейде қазба байлықтардың сарқылар дәуірі жақындаған бүгінгі күнде саяси үстемдік үшін экономиканы соққыға жығып, тоқырайтын заман емес, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Адамзат үшін ауырға соққан ұлы дағдарыстан шығу сценариі осы жолы Еуразия континентінде іске асуы тиіс. Назарбаевтың «ескі» жаңа жоспарында Қазақстанның рөлі ерекше.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Жібек жолының қақ ортасында тұр. Ресейдің де еншісі түгел. Себебі Шығыс Азия, Тынық мұхиты өңірінің алып нарығы тауар тасымалының су жолдарына балама іздейді. Мұхитпен тауар 30-40 тәулік теңселеді. Ал бұл жерде құрлық жолдары арқылы сол тауарды 2 апта ішінде жеткізуге болатындығын, көріп отырмыз. Сондықтан бұл инфрақұрылымға кірісіп кеттік. Бұл дамуға біз үміт артамыз. Бірақ кез-келген мемлекет бұндай шығынға бара алмайды. Біз жылдар бойы қор жинадық, қазір оны жарататын уақыт келді.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның ұзақ жылдар бойы құрған жоспарымен де бөлісті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан кешенді түрде жүзеге асырылып келе жатқан жұмыс жоспарының бүгін сөзден іске көшетін сәті. Ол үшін Президент 5 халықтық реформа атты кезекті бағдарламасын жариялады. Оны сатылы түрде жүзеге асыруды Нұрсұлтан Назарбаев 100 қадамға бөледі. Оның тең жартысы инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап инфрақұрылымдық дамумен айналысып келеміз. Осы жылдардың ішінде 3 мың шақырымға жуық темір жолды, 4,5 мың шақырымдық автокөлік жолын салдық. 20 мың шақырымдай жолды жөндедік. Мыңдаған мектеп пен аурухана салдық. 20 жылдық реформа мен қарқынды жұмыс барысында әрі қарай даму үшін қажетті қолда бар қордың сарқылу сәтіне жақындадық. Енді ресурстардың жаңа көзін табуымыз керек.

Ол көзді Назарбаев логистиканы дамыту арқылы табуға болатынын айтты. Және өзге мемлекеттерді де осы процесске белсенді қатысуға үндеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ