Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүкіләлемдік бокс сериясының финалы Астанада өтеді

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2015
  • 1603

Халықаралық бокс ұйымы жуырда спортшылардың жаңа рейтингін жариялады. Үш бірдей Қазақстан спортшысы жаңа тізімнен орын алған. 53 келіде өнер көрсететін Жанат Жәкиянов 27-ші орында болса, ауыр салмақтағы спортшымыз Бейбіт Шүменов 18-ші сатыдан көрінді. Ал алғашқы орта салмақтағы Қанат Ислам 75-ші орынға табан тіреді. Спорт тақырыбын Самат Қанағатов тарқатады.

Бүкіләлемдік бокс сериясының финалы Астанада өтеді. Бүгін аталған ұйымның атқарушы директоры Кәрім Боузиди мен «Астана Арланс» клубының бас директоры Серік Сәпиев финалдық бәсекеге байланысты құжатқа қол қойды. Кездесулер 20-шы және 21-ші маусым күндері «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Қазақстандық ұжымның ақтық сындағы қарсыласы - «Куба Домодорес» клубы. Бостандық аралынан келген команданы қалай жеңуге болады деген сұраққа олимпиада чемпионы жауап берді.

Серік Сәпиев, «ASTANA ARLANS» клубының бас директоры:

Мен Куба спортшыларына қарсы кезінде бірнеше жекпе-жек өткіздім. Ең бастысы - өзіңе ыңғайлы мәнерде жұдырықтасу керек. Сонымен бірге, қарсыластың тактикасын саған қолдануға мүмкіндік бермеу қажет.

Финалға байланысты Кәрім Боузиди де өз ойын ортаға салды.


Кәрім Боузиди, бүкіләлемдік бокс сериясының атқарушы директоры:

Екі ұжым да мықты спортшылардан жасақталған. Бір команданы бөліп жарып айта алмаймын. Екі құраманың да чемпион болуға мүмкіндігі бар. Дегенмен, менің болжамым бойынша, жеңімпаз команда қосалқы салмақта өнер көрсететін спортшылардың кездесуінен кейін белгілі болады.

«Астана Арланс» клубы биылғы маусымды сәтті өткізді. Топтық кезеңдегі 14 кездесудің 13-інде қазақстандық спортшылар үздік шықты. Ал жартылай финалда Марат Жәкиевтің шәкірттері Ресей құрамасын 9-1 есебімен ойсырата жеңді. Өз кезегінде «Куба Домодорес» командасы өз тобында бірінші орын алды. Жартылай финалда Бостандық аралының былғары қолғап шеберлері Мексика командасын 10-0 есебімен тас-талқан етті. Екі команданың жетістігін ескере отырып, жекпе-жектер тартысты өтетініне күмән жоқ.

Самат ҚАНАҒАТОВ