Русский Сайттың толық нұсқасы

Азат Перуашев: Білім және ғылым министрі депутаттардан ресми түрде кешірім сұрасын

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2015
  • 1211

Аслан Сәрінжіпов ресми түрде кешірім сұраса, мен оны кешіруге дайынмын. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылайша Білім және ғылым министрімен арадағы дауы әлі де аяқталмағанын түсіндірді. Бүгінде депутат Бас прокуратураға арыз түсіріп те қойған. Құқық қорғау органдары шенеунік сөзіне баға берсін, дейді. «Министр мені лоббист деу арқылы, тек менің ғана емес, барлық депутаттық корпустың атына кір келтірді. Сондықтан барлығымыздың алдымызда кінәсін мойындасын», - дейді. Сонда ғана ол арызын қайтып алуға дайын екендігін айтты. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі:

Сәрінжіпов мырза маған немесе прокуратураға, кім, қашан маған, менің көзқарасым үшін пара бергенін, көрсетсін. Мысалы, ол айтты ғой, жеке меншік вуздар деп. Сол вуздар арасынан қайсысы маған ықпал еткен? Қайсысы маған келген немесе қоңырау соққан? Немесе басқа бір арқылы мені осы көзқарасына итерген болатын? Соны маған көрсетсін.

Еске салсақ, Білім және ғылым министрі мен депутат текетіресі білім берудегі кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде басталды. Биылдан бастап жоғары оқу орындарын аттестациялаудан бас тартып, оның орнына тәуелсіз аккредитация енгізілуі тиіс болатын. Бірақ Сәрінжіповтың министрлігі тапсырманы орындай алмай, заңға өзгеріс енгізуді сұрады. Мұны сынға алған Азат Перуашев заңды өзгерткенше, министрді отставкаға жіберу керек деп салды. Ал шенеунік өз кезегінде депутатты жеке меншік оқу орындарының мүддесін қорғап отырғаны үшін айыптады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ