АҚШ теннисшісі Серена Уильямс «Үлкен Шлем» жарыстарының 20 дүркін жеңімпазы атанды.
Франция ашық чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген әлемнің бірінші ракеткасы
турнир жеңімпазы атанды. Ақтық сында Уильямс Чехия спортшысы Люси
Шафаржовамен ракетка түйістірді. Алғашқы екі сетте бірін бірі ала-алмаған
спортшылар 1-1 есебімен тең түсті. Ал шешуші сетте жұдырықтай жұмылып,
қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеген Серена Уильямс чемпион атанды.
АҚШ спортшысының ендігі мақсаты - «Үлкен Шлем»
жарыстарында 22 мәрте топ жарған Германия спортшысы Штеффи Графтың рекордын
жаңарту.
Ерлер жарысында сербиялық Новак Джокович пен швейцариялық Станислас
Вавринка сынға түсті. Кездесуді ширақ бастаған әлемнің бірінші ракеткасы
бірінші сетте 6-4 есебімен басым түсті. Бұл сәтсіздігіне жасымаған Швейцария
спортшысы тез жиналып, ұпай санын түгендеді. Жауапты сәттерде қателікке бой
алдырмаған Вавринка қатарынан екі сетте үздік шықты. Төртінші сетте Джокович
есепті теңестіру үшін қанша тырысқанымен, оның ойлағаны іске
аспады. Қалған уақытта айқын басымдық танытқан Швейцария спортшысы кездесуді өз
пайдасына шешіп, спортттық карьерасында алғаш рет «Ролан Гаррос» турнирінің жеңімпазы атанды.
Ұлттық хоккей лигасында плей-офф ойындары жалғасуда. Финалда сынға түсіп
жатқан «Тампа бей» және «Чикаго» командалары өзара екінші кездесу өткізді.
Бірінші ойында ұтылған «Тампа» хоккейшілері бұл жолы намысқа тырысып, 4-3
есебімен жеңіске жетті. Айдын иелері сапында мергендігімен танылған Седрик
Пакет, Никита Кучеров, Тайлер Джонсон және Джэйсон Гаррисон жанкүйерлер
қошеметіне бөленді. Екі команда арасындағы үшінші кездесу енді «Чикаго»
клубының алаңында өтеді.
Самат ҚАНАҒАТОВ