Русский Сайттың толық нұсқасы

Ертең Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі жұмысын бастайды

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2015
  • 2125

Кез-келген дәстүрлі діни нанымға танылған экстремизммен жалғыз діни қызметкерлердің күресі еш нәтиже бермейді. Бұл күресте дінбасылары мен саяси қайраткерлер күш біріктірулері тиіс. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті бесінші съезі қарсаңында өткен съезд хатшылығының 14-ші отырысында Әлемдік Ислам лигасының кеңесшісі осындай пікір білдірді. Оның сөзінше, рухани қайраткерлер мен саяси күштердің бір байламға келіп, нәтижелі жұмыс атқаруында астаналық форумның әлеуеті жоғары.

Мункиз Махмуд Ас-Саккар, Әлемдік ислам лигасының кеңесшісі:

Ең алдымен мен экстремизмнің дінге еш қатысы жоқ екендігін айтқым келеді. Бұл лас саяси ойынның нәтижесі. Сондықтан оны діни экстремизм деп түстемей, оның кең мағынадағы болмысымен күресу қажет. Қасиетті Құранда: «Мен сендерді ерлер мен әйелдерге, халықтарға, бір біріңмен танысып-білісу үшін жараттым. Соғысу үшін емес» делінеді. Әлемдегі діни наным алуандығына деген төзімділікті арттыру керек. Бұл жұмыс жалғыз дінбасыларының қолындағы шаруа емес.

Ислам атынан сөйлеген қайраткердің бұл пікірін Әлемдік Лютеран федерациясының өкілі де қолдайды. Оның сөзінше, саяси мұраттарға жету үшін кей саяси күштер дінді бетперде ұстайды. Осындай саяси интригалардан кез-келген дінді ада етіп, әлемдегі қантөгісті тыю үшін диалог керек, дейді епископ.

Юрий Новгородов, Қазақстандағы Евангелия-Лютеран шіркеуінің епископы, Әлемдік Лютеран федерациясының өкілі: 

Менің пікірім - Қазақстан мен Президент Назарбаев бұл тартыста жақсы позиция ұстанып отыр. Қақтығысып қалған тараптардың бітімге келу алаңы болу - ақылды саясат. Дінаралық диалог үшін бұл алаң өте қажет.

Айта кетейік, дінбасыларының дәстүрлі бесінші съезі жұмысын ертең бастап, форум екі күнге созылады. Үш жыл сайын сан түрлі діни наным-сенім өкілдерін тең құқықты келіссөздер үстеліне отырғызатын жиынға биыл 40 мемлекеттен 80-нен астам делегация келді. Ертең съездің ашылуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун және Иордания королі Абдалла қатысады деп жоспарланып отыр. Съезд хатшылығы отырысында сөз сөйлеген хатшылық жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы ертең дінаралық қатынастың күрделі мәселелеріне қатысты салмақты мәлемдемелер жасайды деп, аңдатпа жасады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ