Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы биыл Халықаралық Кәсіподақтар Конгресіне мүше болуды жоспарлауда

  • AstanaTV
  • 10 маусым 2015
  • 1514

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақ Федерациясының жиырма төртінші съезі өз жұмысын бастады. Жиынға еліміздің барлық салаларының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, саяси партиялардың басшылары, парламенті депутаттары және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар - жалпы 200-ден аса делегат қатысуда. Съезд аясында кәсіподақтарды толық реформалау арқылы перспективалық, стратегиялық және тактикалық міндеттерін анықтау әрі жүзеге асыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, басқосуда кәсіподақтардың алдағы 2020 жылға дейінгі жұмыс жоспарлары белгіленді.

Жұрағат Баман, тілші:

Бүгін Кәсіподақ Федерациясының жиырма төртінші съезінде, өткен бес жылдықтың жұмыс қортындылары пысықталып, алдағы бес жылға арналған міндеттер белгіленді. Атап айтсақ, жиында жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және қоғамдағы әлеуметтік диалог ролін арттыру, сондай-ақ ұжымдық дауларды шешу мәселелері талқыланды. Еске салсақ, Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңы өткен жылы қабылданған болатын. Құжат аясында кәсіподақ қозғалысында ауқымды реформалар жүргізіп, әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі кәсіподақтардың жауапкершілігін және өкілеттігін күшейту көзделген.

Съезд барысында еліміздің Кәсіподақтар Федерациясы төрағасы Әбілғазы Құсайынов, биыл Қазақстан Халықаралық кәсіподақтар конгресіне қабылдануды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, бұл қадам шетелдік тәжірибеге көз салып, отандық кәсіподақ қызметін дамытуға ықпалын тигізбек.

Әбілғазы Құсайынов, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы:

Ұйымның істеп жатқан жұмыстары аз емес. Оның ішінде халықаралық деңгейде үлкен конференцияларды өткізеді. Екіншіден, әрбір мүшесіне көмек ретінде семинарларды өткізеді. Біздің елімізге де келіп көмектесіп жатыр. Біздің өз Федерациямызды басқа деңгейге көтеру, модернизациялау, осы жұмыстарды алдағы бес жылға жоспарлап отырмыз.

Еске салсақ, 2014 жылдың 25 желтоқсанында Үкімет республикалық жұмыскерлер бірлестіктері және жұмыс берушілермен өзара келісімге қол қойған болатын. Аталған құжат әлеуметтік-еңбек қатынастарының және әлеуметтік әріптестіктің міндеттерін межелейді. Айта кетейік, биыл Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының қызметіне 110 жыл, ал Кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 25 толып отыр.

Жұрағат БАМАН