Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Иордания Королі II Абдалламен кездесті

  • AstanaTV
  • 11 маусым 2015
  • 932

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысуға келген Иордания Королі II Абдалламен кездесті. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Тараптар екіжақты және өңірлік ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар мен Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысы да сөз болды. Нұрсұлтан Назарбаев Иорданияның Қазақстанға жақын ел екенін айтты. Өз кезегінде Иордания Королі Нұрсұлтан Нзарбаевтың саяси көрегенділігін айта келіп, Қазақстанға шақыру алғаны үшін алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне қатысу үшін біздің елімізге келгеніңіз - айшықты оқиға. Біз сізбен әрдайым өзара сенімді қарым-қатынастамыз. Қазақстан сіздің еліңізге үлкен құрметпен қарайды. Сіздің Иордания орналасқан өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отырғаныңызды атап өткім келеді. Сондықтан біз Сізді әрдайым қолдауға әзірміз.

Абдалла II, Иордания Королі:

Өзіңізбен кездесіп, ортақ күш-жігеріміз арқылы әлемнің бұдан да жайлы әрі тыныш болуына қалай ықпал ете алатындығымыз туралы Сізден кеңес алу  - мені әрдайым жылы әсерге бөлейді. Мен көп жылдан бері өңірдегі бітімгершілік, халықтар мен діндерді жақындастыру жолындағы Сіздің қызметіңізге тәнті болып келемін.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА