Русский Сайттың толық нұсқасы

Саяси сарапшылар «100 қадамды» жүзеге асырудың механизмдерін талқылады

  • AstanaTV
  • 12 маусым 2015
  • 1358

Қазақстан Президенті ұсынған Ұлт жоспарын бүгін Астанада белгілі саясаттанушылар талқылады. «Нұр Отан» партиясы мен «Sarap Time» эксперттер клубы бірігіп ұйымдастырған конференцияда «100 нақты қадамның» мемлекет дамуына ықпалы айтылды. Саяси сарапшылар 5 институционалдық реформаға қатысты пікірлерін ортаға салды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5 институтционалдық реформаны іске асыру үшін 100 нақты қадамды белгіледі. Елдің алдында 5 ауқымды мақсат тұр: орташа таптың үлесін арттыру, біріңғай ішкі нарықты дамыту, жемқорлықпен күрес, жаңа жұмыс орындарын құру және бірлікті нығайту. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда әлемдегі өте жоғары мақсат қойған бағдарламалардың бірі бастау алды. Осындай жағдайда мейлінше мол нәтижеге қол жеткізу үшін, азаматтық қоғам мен мемлекеттің  ынта-жігерін жұмылдырудың маңызы зор.

Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саясат институтының директоры:

Қоғамның, сарапшылар қауымдастығы жағынан сұрақтар өте көп. Біздің «Нұр Отан» партиясының осы нақты 100 қадамның жүзеге асыруында екі үлкен миссиямыз бар. Біріншісі, ол нақты қадамдарды халыққа аша түсіп, түсіндіру. Яғни ішкі логикасы қандай, мағынасы қандай, не үшін, неліктен осы 100 қадам маңызды, олар қалай жүзеге асырылады? Ал үлкен екінші миссиямыз ол, әрине, қоғамды, қоғамдық күштеРдің басын қосып, осы 100 қадамды жүзеге асыру. Неге десеңіз, бұл 100 қадамды жүзеге асыру тек қана Үкіметтің, тек қана мемлекеттік органдардың күшімен жүзеге асырылмайды ешқашанда.

100 қадам бағдарламы - бес институционалдық реформаны іске асырудың мейлінше нақты алгоритмі. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы бес реформаның барлығын қамтитын Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша нақты 50 ұсыныс әзірледі. 50 қадаммен танысқан сарапшылар оған оң бағасын берді.

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

Қоғамдық талқылаулар президенттің қойған тапсырмаларын, міндеттерін салауатты түрде орындауға бір негіз береді. Бұл жердегі, менің ойымша, ең негізгі мәселе, халыққа сонымен бірге қоғамға бір оптимизм, болашаққа деген бір үміт қажет.

Белді сарапшылардың басын қосқан алаңда айтылған ұсыныстың барлығын «Нұр Отан» партиясы саралап, партия фракциясы арқылы Үкіметке жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, келесі аптада «100 нақты қадам» бағдарламасын «Қазақстан - 2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының  отырысында да талқыламақ.

Берік ХАСЕНОВ