Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Назарбаев университетінің тұңғыш түлектеріне диплом тапсырды

  • AstanaTV
  • 15 маусым 2015
  • 1874

Назарбаев университетінің түлектері ең алдымен отанға қызмет етулері керек. Бүгін білім ордасын тәмәмдаған тұңғыш түлектерге диплом тапсырған Президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарды Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуға үндеді.

Назарбаев университетінің оқытушылары мен түлектері үшін бүгін тарихи күн. Әлемдегі үздік оқу ордаларымен пара-пар білім беретін университетті алғаш болып тәмдаған жастар үш тілді еркін меңгерген. Мұнда білім берудің әдіс-тәсілі ғана өзгеше емес, ішкі әдет-ғұрыптары да ерекше екені ректор Шигео Катсу мен оқытушылардың киім-киісінен байқалады. Бүгін университетті үздік аяқтағандарға Назарбаевтың өзі диплом тапсырды. Президент жастарды бірер жылдан соң ірі қаржы орталығына айналатын Астанада еңбек етуге, бастысы - алған ілім-білімдерін елдің игілігіне жаратуға үндеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбірің шетелдік университеттерге барасыңдар, басқа біреуің осында қаласыңдар, қалғандарың дүниежүзілік компанияларға жұмысқа орналасып жатырсыңдар. Бірақ, менің айтайын дегенім, ең алдымен Отанға қызмет етіңдер. Қазақстанның компаниялары қазір сіздердің араларыңнан білікті мамандарды алып, еліміздің игілігіне жұмыс істетуі керек. Қазақстанның өркендеуіне қызмет ету керексіңдер. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек. Солай емес пе?

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент тәмамдап отыр. Жалпы оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жетті. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.

Айсұлу Айтбекова, Назарбаев Университетінің түлегі:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өзімнің сізге деген ата-аналарымызға, елімізге деген шексіз алғысымды адал еңбегімен, өнегелі тәрбиеммен білдіргім келеді. Назарбаев университетінің алғашқы студенттерінің бірі болғандықтан, отаным - сүйікті Қазақстанымның - дамуы мен өркендеуіне үлес қосу үшін, жауапкершілікті қабылдауға дайынмын.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ