Русский Сайттың толық нұсқасы

Тбилисидегі су тасқыны құрбандарының саны бір адамға артты

  • AstanaTV
  • 15 маусым 2015
  • 1225

Тбилисиде су тасқынының тағы бір құрбаны табылды. Өз көлігінде қалған азамат су тартылғасын ғана табылып отыр. Осылайша табиғат апатынан қаза тапқандар саны 13-ке жетті. Қазақстанның СІМ-нің хабарлауынша, зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Бүгін құтқарушылар жергілікті хайуанаттар бағында лай астынан қолтырауынды тірілей аршып алды. Хайуан қазір қауіпсіз қамауға орналастырылды. Десе де, апат кезінде бақтан қашып шыққан қасқыр, аю, арыстан және жолбарыстар қалада әлі де серуендеуде. Бүгін арнайы жасақ сарбаздарына бірнеше қасқырдың көзін жоюға тура келді. Ал көше кезген сусиыр ұйқысырататын оқпен атылып, уақытша тұрғын үйдің жертөлесіне қамалды. 


Апат салдарынан қала қоқыс пен лайға толды. Көлік жолдары сумен шайылып кетті. Шаһардың кей бөлігінде электр желілері қалпына келтірілді. Алайда синоптиктердің болжамдары көңіл көншітпейді. Олар алда Тбилисиге бұрынғыдан бетер нөсер жауын жауады деп болжауда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ