Русский Сайттың толық нұсқасы

Жойқын дауылдан соң 10 адам жедел жәрдем қызметіне жүгініп, оның 8-і түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2015
  • 1056

Семейдегі жойқын дауылдан соң 10 адам жедел жәрдем қызметіне жүгініп, оның сегізі түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы жедел штаб отырысында белгілі болды.  Алапат дауылдан 11 мектептің шатыры жұлынып, кейбірі жартылай зақымданған. Табиғат құбылысы 12 көпқабатты және 30 шақты жекеменшік үйге, 3 әлеуметтік нысанға зардабын тигізді. «19 білім ошағы мен 42 тұрғын үйдің шатырын жөндеу қажет», - деп хабарлады, Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД баспасөз қызметі. Қазір апат салдарын жою жалғасуда, дауылдан келген зиян көлемі есептеліп жатыр. Семейде сондай-ақ, 2000-ға жуық абонент электр желілерінен ажыратылған. Электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстарына жарық таратушы мекеменің 80-нен астам қызметкері және 18 техника жұмылдырылды. Семей қаласы әкімдігі жанынан дауыл келтірген шығындарды есептеп, қажетті шаралар қолдану үшін арнайы комиссия құрылды. Еске салайық, жексенбідегі дауыл семейліктерді сергелдеңге салған болатын. Санаулы секундтарда қаланың астан-кестеңі шықты. Тамырымен жұлынып, құлаған теректердің астында жиырмадан астам көлік қалып қойған еді.

Дмитрий Гариков, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Знаменск ауылының жағдайы қиын болып тұр. Мұнда 55 киловаттық 34 баған құлады. Енді кемінде 5 шақырымға сым тарту керек, жұмыс көп. Қазір 4 бригада жұмыс істеуде. Өскеменнен де мамандар алдырттық. Бұл жұмыстар шамамен алдағы жұмаға дейін аяқталады. Сумен қамту және кәріз жүйесі де реттелді.

Ал осы тұста, қаланың жаңа әкімі тағайындалды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың өкімімен, Сәлімов Ермак енді Семейді басқаратын болады. Айта кетейік, Семей қаласы әкімі қызметін 2011 жылдың қаңтарынан бері Кәрімов Айбек атқарған болатын.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА