Русский Сайттың толық нұсқасы

Ойын аттракциондарынан жарақат алған балалардың саны артуда

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2015
  • 2886

Ойын аттракциондары сәбилер үшін нағыз қауіпті құралға айналып келеді. Соңғы уақытта ойын алаңында құлап жарақаттанған балалардың саны еселеп артуда. Тек Керекудің өзінде бір жыл ішінде дәрігерлер ойын алаңдарында құлаған 400-ге жуық балаға ем-дом көрсетті. Ақ халаттылар кәдімгі әткеншектен құлап бас-ми жарақатын алған, аяқ-қолы сынып, омыртқасы зақымданған балалардың көбейіп отырғанын айтады. Тақырыпты зерттеп көрген Әсемгүл Мұхитқызы ойын алаңдарының басым бөлігі заңсыз жұмыс істеп тұрғанын анықтады.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Несібелі әже бүгін де немересін жетектеп арнайы орындағы ойын алаңқайында жүр. Сондағы мақсаты - екі жарым жасар Ділнәздың көңілін аулау. Бірақ баланы емін-еркін ойнауға жібере алмайды. Айтуынша, аттракцион өте қауіпті. 

Несібелі Қасымбекова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Өткенде өлтіріп алайын дедім. Ана жерден түсіп кетті де, бекітілмеген. Сол жерлерді бекітіп қою керек қой, қауіпсіз қылып. Қауіпті ойнатуға. Бетімен жібере алмайсың. Қорқасың.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бүгінгі таңда Павлодарда дәл осындай ойын алаңқайларын қоюға рұқсат алған 25 жеке кәсіпкер тіркеуде бар. Байқағанымыздай, бұл жерде ойнап жүрген балалардың жас шамасы әрқилы. Алайда қауіпсіздік мәселесіне келгенде, ойланатын жайттар көп. Мысалы, дәл мына жер бала түгіл, ересек адамдар үшін қауіпті екені анық көрінеді.

Арнайы орындардағы және де үй аулаларындағы ойын алаңқайларында құлап жарақат алған балалар санының артқанын дәрігерлер де жоққа шығармайды. Айтуларынша, соңғы бес жылда көрсеткіш күрт өскен. Шамамен жыл сайын 385 бүлдіршін түрлі ақаумен медициналық көмекке жүгінеді екен.

Руслан Базиков, травматолог:

Балалар көбіне әткеншектерден ауыр жарақат алады. Бұл жерде ашық бас-ми жарақатын да, аяқ-қолдың сынуын да, тіпті омыртқасын жарақаттағандар да кездеседі. Шыны керек, өте ауыр жарақаттар бұлар. Ал қысты күндері сырғанақтан болатын жарақаттар көптеп тіркеледі. 

Мұндай келеңсіздік тек арнайы орындардағы әткеншектерге қатысты емес. Мәселен, Петропавл қаласында осыдан бірер күн бұрын 10 жасар балғын үй ауласындағы әткеншектен құлап, жарақаттанды. Анықталғандай, әбден тозығы жеткен ойыншықтың бұрандасы үзіліп кеткен. Абырой болғанда, баланың жарақаты жеңіл болып шықты. Қазір үйде ем алып жатыр.

Мейрам Сексенбаев, Петропавл қаласының тұрғыны:

Бұл әткеншекте менің немерем ғана емес, ауладағы басқа балалар да ойнайтын. Тіпті үлкендер жағы әткеншекті айналдырып тербелетін. Құлап түсер ме екен деп қорқатынбыз. Ойлағанымыз келді, немерем құлап, жарақаттанды.

Арнайы демалыс орындарында құрылатын әткеншектерге қатысты ахуалдың ушығып бара жатқанын Павлодар қаласының билігі растап отыр. Әсіресе, жағдай жаз кезінде қиындай түседі. Мораторийге байланысты шенеуніктер кәсіп иелерін кез келген уақытта тексере алмайтынын айтты. Дегенмен, шағым түссе, арнайы топ оқиға орнын тексеруге әзір. Айта кетерлігі, соңғы кездері аттракциондарға қатысты арыздар көбейіп кеткен.

Арман Асипов, Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Біз жұмасына бір рет рейдке шығып тұрамыз. Әрбір бөлім өз құзырындағы жұмысын тексереді. Егер де ол жеке кәсіпкерде құжаттары болмай, ескертулер болып қалса, біз ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірге аламыз.

Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бар гәп - бақылаудың жоқтығында. Бұған қоса, аттракциондарды орнатқан жеке кәсіпкерлердің жауапсыздығы мәселені күрделендіріп отыр. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ