Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңіріндегі егіс алқаптарының құрылымы өзгерді

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2015
  • 1341

Қостанай облысында, мамыр айындағы толассыз жауған жауыннан құрғап үлгермеген алқап, енді шөп өсіруге шаруаларға берілмек. Бұл жайында арнамызға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары айтты. Жалпы, Тобыл өңірінде биыл көктемгі егін егу науқаны тым кеш басталды. Оған өткен айдағы толассыз жауған нөсер себеп болған еді. Тіпті кейбір аудандарда екі аптада 3 айлық жауын мөлшері түскен. Соның салдарынан аймақ диқандары алқапқа дән сіңіру жұмыстарын мардымды жүргізе алмады. Алайда, егістік науқанын аяқтауды жеделдету үшін, аймақтағы шаруашылықтар күш салды. Диқандар күні-түні, екі ауысыммен жұмыс істеп тәулігіне 350 мың гектарды еңсеріп отырды. Облыста егіс науқаны 10-маусымда ғана аяқталып, 4 миллион 710 мың гектар жерге дән себілді. Алайда,150 мың гектардан астам алқап құрғап үлгермеген. Енді шаруаларға сол жерлерге біржылдық шөп өсіруге ұсыныс жасалып отыр. 

Серік Нұркин, Қостанай облысы ауыл шаруашылық басқармасының бас маманы:

Қазіргі біздің танаптарда мысалы егілген алқаптардың арасында егілмей қалған жерлер бар. Өйткені оларда ылғал көп. Ол жерлерге шөп өскендіктен, шөп шабу науқанында қысқа мал азығын дайындау ұсынылып отыр. Қазір біздің аудандарда арнайы комиссия құрылып, оның аумағын анықтап жатыр.

Заңғар САНАЙ