Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда Құрылыс кодексі жасалады

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2015
  • 1150

Қазақстанда бірыңғай Құрылыс кодексі жасалады. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы Құрылыс комитетінің төрағасы Александр Белович мәлімдеді. Ол үшін жер кодексінен бастап бірнеше заң жобасына өзгерістер енгізілуі керек. Жоба алдағы қыркүйекте Парламентке жолданбақ. Бүгінде құрылысты бастағысы келгендер 50 шақты құжат жинастырып, 260 адамның қолы қойылуын күтеді. Парақорлыққа итермелейтін мұндай қағазбастылық әсіресе жеке бизнестің дамуына кедергі. Беловичтің сөзінше, соңғы жылдары елімізде коммерциялық құрылыстың көлемі төмендеп кеткен.

Еске салайық, Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент Назарбаев, құрылыс бастау үшін рұқсат алу жолын барынша жеңілдету керек, деген болатын. Яғни мемлекет басшысы сәулет-жобалау тапсырмалары 30 күнде, жобаны келісу 20 күнде, ал ең негізгі рұқсатты алу ары кеткенде 10 күнде аяқталуы тиіс, деген міндет қойды.

Александр Белович, «Атамекен» ҰКП құрылыс және құрылыс материалдарын шығару, ТҮКШ комитетінің төрағасы:

Экономика министрімен жақын арада Қазақстанның Құрылыс кодексін құрастыруға келістік. Бұл құрылыс саласындағы сан түрлі нормативтік құжаттардың басын біріктіреді. Әйтпесе олар өте көп және мұндай ұзын сонар құжаттармен жұмыс істеу қиын. Сондықтан бәріне ортақ бір құжат құрастыруды жөн көреміз. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ