Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы 100 қадам Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолдарын қарастырды

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2015
  • 1483

«Нұр Отан» партиясы бес халықтық реформаны қамтитын Ұлттық 100 қадам жоспарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс жоспарын әзірледі. Құжат партияның саясат институты мен Медиалық технологиялар орталығының әріптестігі кезінде құрылған «Сарап тайм» сараптама клубы алаңында талқыланды. Бүгін аталмыш құжат «Қазақстан 2050»  Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мәжілісінде де талқыланды.

Қазақстанның  Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы Елбасының Ұлттық жүз қадам жобасын іске асыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның күшін біріктіруді көздейді. Еліміздің жетекші 6 саяси партиясы мен 18 қоғамдық бірлестігінің басын біріктіретін институт бүгін, Елбасы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссия өкілдерімен бірігіп, 100 қадамды біртұтас ел болып жасаудың жолдарын қарастырды.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, елде әділ сот пен құқық қорғау жүйесін, халыққа қызмет ететін мемлекеттік аппарат құруды, экономикасы кемел, болашағы біртұтас ұлт болуға бағытталған реформалардың көздегені - қарапайым қазақстандықтардың қамы. Мақсат - мемлекетке деген және азаматтар арасында айнымас сенім қалыптастыру, сол арқылы Мәңгілік ел болудың даңғылына түсу.

Бес реформа Ұлттық 100 қадамнан толық көрініс табады. Оны сөзден іске көшудің заңнамалық негізін жасауды мойнына алған Ұлттық комиссия қазір қалыпты жұмыс тәртібінен күшейтілген режимге көшіп, аптасына екі рет кездесу өткізеді. Жүз қадамды жасау жолында кедергі болмас үшін, комиссия заң сөзін реформалар ырқына көндіру жұмыстарын алдағы уақытта тәмамдаймыз дейді.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Шілденің басында атқарылған жұмыстар бойынша Елбасына есеп береміз деп ойлаймын. Одан кейін ескертулер мен түзетулер, ұсыныстарды тізіп, Ұлттық комиссия жұмысын жалғастырады. Тамыздың соңына дейін реформаларға қажетті барлық заңнамалық негіздемені жетілдіріп, Үкімет 28 тамызда заңнамалық пакетті Мәжіліс қарауына енгізеді деген жоспар бар. Сөйтіп, күзгі оқылымда немесе 2016 жылдың бірінші қаңтарына дейін заң жобалары мақұлданып, жаңа жылдан бағдарламаны іске асыруға кірісеміз деп ойлаймын.

Ұлт құжатының ресми мазмұны қатардағы қазақстандыққа ұғынықты болуы үшін, мемлекеттік құжаттарды қарапайым тілмен сөйлету керек, - дейді азаматтық қоғам өкілдері.

Нұрлан Ерімбетов, Қазақстан Азаматтық Альянсы президенті:

100 қадам немесе 5 халықтық реформа туралы сөйлейтін адамдар көп жағдайда қатардағы азаматтарға түсініксіз тілде сөйлейді. Сондықтан әрбір қадам қарапайым адамға, ол ауыл не қала тұрғыны болсын, түсінікті болуы тиіс. Мысалы, мәдениет үй салынды ма - бұл мынандай қадам. Бұл көптің көзіне көрінбейтін қиял жоспар емес, біз бен сіздің ауламызда, көз алдымызда жүзеге асып жатқан жоба болуы тиіс. Сондықтан бұл тұрғыда ел идеологтарымен тығыз қызметтесу керек сияқты.

Айтпақшы, мемлекеттік органдардан ақпарат қол жетімдігі де мемлекет басшысы жариялаған 5 халықтық реформадан көрініс табады. Жалпы елбасы бес реформаның бірі етіп, халық алдында есепті мемлекет құру жоспарын қойып отыр. Оны жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде Демократиялық күштер коалициясы қазақстандықтарды реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырады. Ол демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық коалициясының жиын қорытындысы бойынша қабылданған үндеу құжатында көрініс табады. 100 қадамның алғашқы, маңызды қадамы осы болмақ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ