Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Кореяда коронавирустың таралуы баяулаған

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2015
  • 1890

Оңтүстік Кореяда таяушығыстық коронавирус індетінің таралуы баяулаған сыңайлы. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, жұқпалы дерттің қазіргі таралу деңгейі өте төмен. Бұл туралы Рейтерс хабарлайды. Десек те, қауіпті дерттен тағы бір адам көз жұмып, коронавирус құрбандарының саны 24-ке артты. Оңтүстік Кореяда індет тарала бастағаннан-ақ бұл ауруға шалдыққан 166 адам анықталған. Таяушығыстық респираторлы синдромның баяулағанына алдын-алу шараларының септігі тиді деген пікір бар. Қазіргі күні Кореяда адамдар көп шоғырланатын орындарда жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бейсенбі күні Таиланд билігі коронавирусқа шалдығудың алғашқы оқиғасы тіркелгенін растады. Ал, сәрсенбіде Ресейдің Уссуриийск аймағында вирусты жұқтырды деген күдікпен әйел адам анықталған болатын. Бірақ, диагноз расталмады. Әлемде алғаш рет таяушығыстық респираторлы синдром коронавирусы 2012 жылдың маусым айында Сауд Арабиясында тіркелген. Бұл дерттен емдейтін препарат әлі күнге дейін табылмады.

Берік ХАСЕНОВ